Тәрбиедегі қателіктер: неге кей ата-аналар қаталдықты дұрыс көреді?
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 19:33
- 1
Мұндай ұстаным сырттай «тәртіп орнатқандай» көрінгенімен, шын мәнінде баланың жан әлеміне салмақ түсіретінін көп ата-ана байқамай жатады.
Қаталдықтың түбірі көбіне ата-ананың өз өткенінен бастау алады. Өздері қатал ортада өсіп, сезім туралы ашық сөйлесе алмаған жандар сол тәжірибені қалыпты құбылыс деп санайды. Бірақ уақыт өзгерді, бала психологиясы туралы ғылым тереңдеді, ал бұрынғы әдіс бүгінгі ұрпаққа жүре бермейді. Қаталдық – мінезді шыңдайтын құрал емес, қорқыныш туғызатын тәсілге айналып кетуі мүмкін.
Осы тақырыпқа қатысты көп жылдық тәжірибесі бар педагог-психолог Мақсат Жиенбайұлы былай деп ой толғайды:
«Қаталдықты тәрбие деп қабылдау – біздің қоғамдағы ең кең тараған жаңсақ пікір. Ата-аналар баласының үндемегенін ‘‘тыңдады’’ деп ойлайды. Бірақ қорқып үндемеу – түсініп тыңдау емес. Бала қорыққан кезде миы ақпаратты қабылдамайды, тек қауіп сигналына жауап береді. Сол үшін қаталдық сырттай нәтиже бергенімен, ішкі дүниеде жара қалдырады», – дейді маман.
Мақсат Жиенбайұлының айтуынша, ата-аналар көбіне эмоциясын басқара алмағандықтан қатал болып кетеді:
«Кей аналар мен әкелер ‘‘тәртіп керек болды’’ деп ойлайды, ал шын мәнінде ол – олардың шаршауы, уайымы, жиналып қалған ашуы. Әсіресе кешкі уақытта баланың қылығына емес, өз көңіл күйіне реакция жасайтын сәттер көп. Бұл – тәрбие емес, күйзелістің көрінісі. Бала мұны сезеді. Балаға қаталдық емес, түсіндіру қажет», – дейді ол.
Осы сөздер қазіргі ата-ананың жағдайын айнытпай бейнелеп береді. Шынында да, кей әке-шеше баласына еркіндік берсе, «еркелеп кетеді» деп қорқады. Бірақ бақылаудың шамадан тыс болуы – баланың өз бетінше шешім қабылдау қабілетін тұсаулап тастайды. Еркіндік пен жауапкершіліктің шегін түсінбей өскен бала ертең қоғамда жасқанады, өз пікірін айтуға қиындық көреді.
Маман бұл тұста тағы бір маңызды жайтты атап өтті:
«Біздің қоғамда ‘‘жұрт не дейді?’’ деген ұғым әлі де күшті. Сол үшін ата-аналар кейде баласына шектеуді оның қажеттілігі үшін емес, өз беделін сақтау үшін қояды. Бұл – тәрбиенің ең әлсіз формасы. Бала ата-ананың беделі үшін емес, өзінің болашағы үшін тәрбие алуы керек», – деп қорытындылайды психолог.
Қаталдықтың салдары бірден байқалмайды. Бірақ уақыт өте балада өзіне сенімсіздік, қателесуден қорқу, бастама көтеруге жасқану сияқты жасырын жаралар қалыптасуы мүмкін. Мұндай салдардың орны бір күнде толмайды.
Шынайы тәрбие – мейірім мен талаптың үйлесімі. Балаға шектеу қоюға болады, бірақ ол шектеу түсіндірілуі керек. Сабырмен айтылған сөз, құрметпен берілген бағыт, жылы қабылданған пікір – мінезді қалыптастыратын негізгі құралдар. Сенім көрген бала ғана өзін еркін сезінеді, ал еркін сезінген бала ғана өседі.




