Түркістанда 4 жыл бұрын жоғалып кеткен қыз аман-есен табылды
- авторАяжан Дәулетбекқызы
- 28 қаңтар, 2025
- 128
Түркістан облысының полиция қызметкерлері 4 жыл бұрын жоғалып кеткен қызды тапты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Түркістан облысы Төлеби аудандық полициясы осыдан 4 жыл бұрын із-түссіз жоғалған жас қызды үздіксіз іздеу нәтижесінде аман-есен тауып, анасымен қауыштырды. Талай жылдар бойы туған қызын күтіп жүрген анасына сүйінші хабар жеткізген.
Толығырақ айтқанда, 2021 жылдың жаз айында жергілікті тұрғын полицияға 16 жастағы қызының жоғалғанын айтып, арызданған. Ақпарат алысымен тәртіп сақшылар барлық қажетті тергеу әрекетін атқарған. Бірнеше жыл өтсе де тұрғынның арызы негізінде іздеу ісі жалғасып, нәтижесінде 2025 жылдың қаңтар айында қызынан айырылып қалған ана қызын тауып, көзайым болды.
Қызымнан хабарсыз қалып, нендей жағдайда екенін біле алмай жүрген күндер артта қалды. Көп рақмет сіздерге. Арасында өздеріңізге де сенімсіздік білдірген едім, бүгін міне үмітім ақталып отыр. Сіздерге алғысым шексіз, - деді анасы шын жүректен.
Полиция жасөспірім қызды Алматыдағы тамақтану орындарының бірінде жұмыс жасап жүрген жерінен іздеп тауып алған. Бүгінде қыздың осынша уақыт қайда, не себеппен хабарсыз кеткенін анықтау шаралары жүргізілуде. Полицейлер осы жайт бойынша мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады.