Түркістанда Кореяның «Woosong» университетінің филиалы ашылмақ
- авторАрайлы Жақсылық
- 25 ақпан, 2025
- 251

Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалында 4 факультетте 2340 студент білім ала алады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Оқу орынында «Жасанды интеллект және үлкен ақпараттар талдауы», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Әлемдік төртінші IT өнеркәсіптік революция», «Мультимедия және Web дизайн» мамандықтары оқытылады.
Бүгін Оңтүстік Кореяның Халықаралық істер департаментінің деканы Шим Хэк Чже бастаған делегациямен кездестік. Қазіргі таңда ғимараттың құрылысы жанданған. Басқосуда халықаралық білім ордасын ашу жұмыстарын ұйымдастыру, ортақ мақсат пен жоспарды іске асыру барысы жан-жақты талқыланды. Оның ішінде құжаттандыру және грант бөлу мәселелері сөз болды. Ертең университет өкілдерімен бірге таныстырылымына қатысамыз, - дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.
Бастамаға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тікелей қолдау көрсеткен. Шетелдік университет өкілдері таяуда министр Саясат Нұрбекпен кездесіп, дайындықтарды пысықтамақ.
Әуелі лицензия алуды үйлестіру қажет. Білікті кадрлар мен профессорларды тарту, грант бөлу, студенттерді жатақханамен қамту шаралары назарда тұр. Біз Министрлік және жергілікті облыстық әкімдік тарапынан грант бөлуге дайынбыз. Өңірдегі 1 мың мектепте 500 мың оқушы білім алып жатыр. Оның 30 мыңнан астамы биыл мектепті бітіреді. Корея елінің үздік тәжірибесі Түркістан облысындағы білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, бәсекеге қабілетті мамандар даярлап шығаруға сеп болады деп сенеміз, - деп жазды облыс әкімінің орынбасары.