
Түркістан облысында медицина саласы жаңа деңгейге көтерілді. Өңірде алғаш рет бауыр трансплантациясы жасалып, сәтті аяқталды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл – күрделі хирургиялық операцияның облыста алғаш рет орындалуы ғана емес, сонымен қатар өңір медицинасының дамуына серпін беретін маңызды қадам.
Бауыр трансплантациясы – ең күрделі оталардың бірі. Операцияны А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының базасында академик Б.Баймахановтың жетекшілігімен жүргізді. Команда құрамында тәжірибелі хирургтар мен анестезиологтар жұмыс істеді.
48 жастағы Нурметова Ульяна бірнеше жыл бойы бауыр циррозынан зардап шекті. 2019 жылдан бері гастроэнтерологтың бақылауында болған науқасқа Child-Turcotte-Pugh жіктемесі бойынша В класты бауыр циррозы диагнозы қойылған. Уақыт өте келе оның жағдайы нашарлап, трансплантация өмірін сақтап қалудың жалғыз жолына айналды.
Операцияға науқастың 19 жастағы қызы Сахавитдинова Эльвира донор ретінде қатысты. Ол жан-жақты медициналық тексеруден өтіп, бауырының бір бөлігін анасына беру арқылы үлкен жанқиярлық танытты.
Ота сәтті өтті. Қазіргі уақытта науқас дәрігерлердің бақылауында, жағдайы тұрақты. Дәрігерлер трансплантацияланған бауырдың қызметі біртіндеп қалыпқа келіп жатқанын айтады.
Бұл тарихи операция Түркістан облысында трансплантология саласының дамуына жол ашып, күрделі оталарды өңірде жасауға мүмкіндік береді. Бұл жетістік – білікті мамандардың, заманауи медицинаның және адам өмірін сақтауға деген ортақ ұмтылыстың нәтижесі.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз