Тәуелсіздік күні қарсаңында Таласта бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді
- авторjambylinfo.kz
- 13 желтоқсан, 2024
- 203
Талас ауданы, Тұрымқұл ауылында таза ауыз сумен қамту жүйесі іске қосылып, өз жұмысын бастаса, Ойық ауылында 400 орындық жаңа дене шынықтыру спорт кешені ашылды, хабарлайды Jambylinfo.kz.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Нұрбол Жүнісмбеков қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ауданымызда бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілуде. Соның бірі – бүгін Тұрымқұл елді мекенінде ауыз су жүйесі іске қосылды. Бұл игі бастама Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтуға байланысты берілген тапсырмасы аясында жүзеге асты. Жалпы биыл ауданда 7 елді мекенге ауыз су желісін тарту қажеттілігі бар болатын. Бүгінде аталған елді мекендерге жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып, қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін 5 елді мекенге ауыз су кезең-кезеңімен берілетін болады. Ал, қалған 2 жоба келесі жылға өтпелі болып отыр, – деді аудан әкімі Нұрбол Әбдімәжитұлы.
Осылайша 200 жүзден астам тұрғыны бар елді мекен жұртшылығы көптен күткен қуаныштарына қол жеткізді. Арнайы лента қию рәсімінен соң аудан әкімі тұрғындардың үйін аралап, жемісті жүзеге асқан жобаның жайына қанық болды. Өз кезегінде ілкімді жобаның игілігін көрген ауыл тұрғындары да ізгі лебізін білдірді.
Бұған дейін құдықтан су тартып, әбігерге түсетінбіз. Президентіміздің халықты сапалы ауыз сумен қамту керек дегені өте орынды. Сол тапсырманың орындалып жатқанының куәсі болып отырмыз. Таза ауыз су – ұлт саулығының кепілі. Барша аулдастарымды ортақ қуанышымен құттықтаймын! – деді ауыл қариясы Тұрсан Бастаубаев.
Айта кетейік, биылғы жылы бұл бағытта 21,5 миллиард теңгеге өңірде 68 жоба іске асырылуда. Бүгінгі күні ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші қалаларда 97,5 пайызға, ауылдық елді мекендерде 96,7 пайызға жетіп отыр. Жыл соңына дейін 37 ауылдық елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін 98,1 пайызға дейін жеткізу көзделуде.
Бұдан бөлек, осы күні Ойық ауылында 400 орындық жаңа дене шынықтыру спорт кешені ашылды. Орталықтандырылған жарық жүйесі мен автономды қазандық түріндегі жылу жүйесіне қосылған спорт кешенінде үлкен зал, күрес және тренажер залдары мен жұмыс кабинеттері бар. Мұнда жасөспірімдер футбол, қазақ күресі, дзюдо мен шахмат секілді спорт түрлерімен айналыса алады.
Аталған кешен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында іске асырылуда. «Шынықсаң, шымыр боласың» деп спортқа ерекше мән берген халқымыз ұлт саулығын қашанда бірінші орынға қояды. Ауыл-аймақтарда бұқаралық спортты дамытып, осы сипатты спорт нысандарын ашудың маңызыды зор. Өйткені, ертеңгі ел мерейін асқақтатар чемпиондар осындай елді мекендерден көптеп шығатынына сенімдімін, – деді аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Садубаев.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз