Тәуелсіздіктің тағылымды тамашасы
Азаттықтың құсы аспанымызда қалықтағанына 30 жыл. Тәубе, тәй-тәй басқан тәуелсіздік орда бұзар жасқа келіп еркіндіктің самалын еркін құшып жүрміз. Әрбір отандастың жүрегінде бостандық ұраны бұлқынып жатыр. Бұл мемлекетіміздің ұлы өткелдерді еңсеріп, әрбір салада өзінің қолтаңбасын қалдырғанын айғақтайтындай. Оған «Тәуелсіздік көкжиегі» атты көрме тағы бір дәлел.
Қазақстанның бейнелеу өнерін әлемге насихаттап жүрген еліміздің әр аймағындағы танымал суретшілердің шығармашылығын дәріптеуді көздеген тағылымды шара онлайн және офлайн форматта өтті. Халықаралық көрмелер мен симпозиумдарда еліміздің атын асқақтатып, бейнелер өнері саласында биіктерді бағындырып жүрген 30 қылқалам шеберінің еңбегі оқырманды елең еткізді. Салтанатты шараның біз де куәсі болдық.
Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмаилов көрменің ашылу салтанатында суретшілердің қылқаламынан шыққан небір ғажап туындыларды тамашалауға шақырды.
«Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен тұспа-тұс келген «Тәуелсіздік көкжиегі» атты көрменің ашылуы өтуде. Бұл – суретшілер үшін айтулы күн. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырған бұл көрмеде сіздер бояу болмысын ұғуға ұмтылған қылқалам шеберлерінің туындыларын тамашалайтын боласыздар. Елiмiзде осындай көрмелер көп бола берсiн», деді Ө.Исмаилов.
Көрмеге Мәдениет саласының үздіктері, Суретшілер одағының мүшелері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері, халықаралық кипрлық «Күміс кілт» симпозиумының және басқа да көптеген марапаттың иегерлері, сонымен қатар шетелдік, бүкілодақтық, республикалық және облыстық көрмелердің суретшілері қатысты. Қосымша офлайн форматта өткеніне қарамастан, қылқаламнан қуат алған шығармашыл тұлғалардың дені келді. Олардың осындай игі шараны сағынғандығы көздерінен көрініп тұр.
Аталған көрмеде суретшілердің кескіндеме, графика және мүсін жанрындағы әртүрлі техникамен орындалған 60-тан астам туындылары экспозицияланып, қылқалам шеберлері өз шығармашылығында Қазақстанның тарихын, мәдениеті мен табиғатын таныстырды.
Талантты суретшілердің жұмыстары көпшілік көңілінен шығып, көрмеге келушілер рухани және эстетикалық жағынан марқайып, туындыларды жоғары бағалады.
Ең қызығы, көрме аясында «Тәуелсіз Қазақстан қоғамындағы суретшінің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Шара барысында Қазақстанның заманауи бейнелеу өнерінің өзекті мәселелері талқыланып, шеберханалардың жұмысы сөз болды. Сонымен қатар бүгінде суретшілер өмірінде өзекті болып отырған қылқалам шеберлерінің мәртебесін анықтау мәселесі де көтерілді.
Шара барысында аймақтан келген суретшілер өзара пікір алмасып, осындай кездесу ұйымдастыруға мұрындық болған музей ұжымына алғыстарын білдірді.
Еске сала кетейік, «Тәуелсіздік көкжиегі» атты сұлулық пен әсемдікке толы көрмені өнерсүйер қауым 28 маусымға дейін тамашалай алады.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала