Жаңалықтар
Талас ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша бірқатар кездесулер өтті
- авторjambylinfo.kz
- 11 тамыз, 2023
- 186
Талас ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша бірқатар кездесулер өтті
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Д.Омаровтың қатысуымен «Мемлекеттік сатып алу – сыбайластықтың көрінісі емес» тақырыбында семинар өтті.
Аудан әкімі Н.Жүнісбеков әкімдікке қарасты бөлім, мекеме басшылары, ауыл әкімдері сондай-ақ, жауапты қызметкерлері үшін ұйымдастырылған басқосуда «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының өзектілігі туралы айтып, ұйымдастырылған шараның мақсатына тоқталды.
Семинар барысында Департаменттің бас маманы А.Ажибаев сыбайлас жемқорлық әрекеттер үшін қарастырылатын әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктер туралы айтып, заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер аясында баяндама жасады. Сонымен қатар, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының өзекті мәселелері бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Е.Нұрадинов баяндама жасады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Асемов өз кезегінде сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті екенін тілге тиек етіп, мемлекеттік қызметшілерді заңсыз әрекеттерге бармауға шақырды.
Одан бөлек, республика аумағында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша жемқорлық тәуекелдері жоғары деп көрсетілген бірқатар сала мамандарымен, атап айтар болсақ, Талас аудандық орталық ауруханасының қызметкерлерімен, аудандық білім беру мекемелерінің басшылық құрамымен, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарымен кездесулер өткізіліп, қоғам дерті болып табылатын жемқорлыққа тосқауыл қоюдың маңыздылығы туралы айтылды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз