
Жамбыл облысында өрт сөндірушілер жалынның кең аумаққа таралуының алдын алды, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
«Тараз қаласында бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің аумағында ескі автодөңгелектер жанып, жалын бір қабатты кірпіш ғимараттың шатырына өткен», – делінген ресми хабарламада.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері мен Катастрофа медицинасы орталығының мамандары жедел жеткен. Өрт 90 шаршы метр аумақты шарпығанымен, толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
«Құтқарушылардың жедел әрекеті мен үйлесімді жұмысы жалынның одан әрі таралуына жол бермей, үлкен зардаптардың алдын алды», – деп атап өтті ТЖМ өкілдері.