Жергілікті полиция мән-жайды анықтауға кірісті
Таразда ер мен әйел адам көпқабатты үйдің бесінші қабатынан бірге құлап кетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz https://www.ktk.kz/ сілтеме жасап.
Тұрғындардың тәтті ұйқысын дүрс еткен дыбыс бұзған. Сөйтсе, бесінші қабаттан 26 және 38 жастағы екі адам құлап кетіпті. Екеуі де жапсарлас салынған құрылыстың шатырына түскен. Ауыр жарақат алып аман қалғандарды құтқарушылар жерге түсірді.
Куәгерлердің айтуынша, екеуі де мас болған. Олардың не себепті терезеден секіргені белгісіз.
Мислим Ризманов Тараз көпбейінді аурухананың жарақат бөлімінің дәрігері:
«26 жастағы ер адамның жағдайы ауыр. Жамбас сүйегі сынып, жансақтау бөлімінде жатыр. Ал әйелдің аяғы сынып, жамбасына зақым келген. Жағдайы орташа ауыр. Қазір жағдайы тұрақталып келеді.»