
Тараз қаласында биылғы жылыту маусымы 14 сәуір күні ресми түрде аяқталатын болды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен штаб отырысында белгілі болды.
Жиында Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев есеп беріп, жылыту маусымының өту барысына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, шаһардағы отын-энергетика кешендері штаттық режимде жұмыс істеп, жылу көздерінде қажетті температуралық кесте сақталған.
– «QAZAQGAZ AIMAQ» кәсіпорнымен бекітілген келісімшарттар аясында жылу өндіруші мекемелерге табиғи газ тұрақты жеткізіліп тұрды. Ал «Қазгидромет» ұсынған ауа райы болжамына сәйкес, 11–13 сәуір күндері ауа температурасы күндіз +27°C-қа дейін көтеріліп, орташа температура +20°C шамасында болады деп күтілуде. Алайда 14–18 сәуір аралығында күндізгі температура +10°C, орташа температура +7°C шамасына дейін төмендеуі мүмкін, – деді Ғабит Серғазыұлы.
Отырыс барысында «Таразэнергоорталық» мекемесінің бас инженері Әбутәліп Серікбаев пен «ТаразТрансЭнерго» ЖШС директоры Арман Бектибаев та сөз алып, күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Шаһар басшысы келесі жылыту маусымына дайындықты осы бастан қолға алу қажеттігін ескертті.
– Биылғы маусым жалпы алғанда тұрақты өтті. Дегенмен, кейбір кемшіліктер де болды. Тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдар соның айғағы. Сондықтан алдағы маусымға тыңғылықты дайындалуымыз қажет. Әсіресе әлеуметтік нысандар – мектептер, емханалар, жатақханалар басты назарда болуы тиіс. Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін барлық олқылықтар сараланып, кешенді жоспар жасалуы керек, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Қала әкімі жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, бақылауды күшейтуді тапсырды.