Жаңалықтар
Тараздық көпбалалы полицей 4 жетімді бауырына басқан
- авторjambylinfo.kz
- 9 мамыр, 2021
- 260
Тараздық көпбалалы полицей 4 жетімді бауырына басқан
Бірнеше жыл бұрын Жамбыл облысының полиция департаментінде ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор болып жұмыс істейтін Диляфруз Кенжеханова өзінің бес баласының үстіне ата-ана қамқорлығынсыз қалған төрт баланы асырап алған болатын.
- Әуелі мұндай қадамға баруыңызға не себеп болғанын айтып беріңізші. Бала асырап алу көптен бері ойыңызда жүріп пе еді?
- 2019 жылы білім саласына жауапты мамандармен бірге «Мектепке жол» акциясын №55 мектепте өткіздік. Комиссияның құрамында мен де бар едім. Мектепке баратын құжаттары жоқ балалар мен азаматтық алмаған ата-аналарды сол акция кезінде көптеп жолықтырдық.
Акция барысында бір қария үш рет келіп көмек сұрады. Бірнеше рет келгенін байқап, қандай мәселені шеше алмай жүргенін өзінен сұрадым. Сөйтсек, үйінде кәмелетке толмаған төрт бала бар екен.
Шешелері төртеуін қарияға тастап, өзі із-түссіз кеткен. Іздеу жарияланғанымен, нәтиже болмаған. Балалар мектеп жасына келгенімен, бастарында құжат болмаған. Қарияның көңілін жайландырып, үйіне қайтардық.
Кешке өзіміз барып, балалармен танысатынымызды айттық. Жұмыс біткен соң уәде бойынша бір топ комиссия мүшесі айтылған мекенжайға бардық. Балалардың өмір сүріп жатқан жағдайы адам көргісіз еді.
Санитарлық талап сақталмаған, қуықтай бөлменің көптен бері тазалық көрмегені бірден байқалды. Қасымызда қамқоршылар кеңесінің өкілі жүрген. Ол дереу жетіншектерді балалар үйіне жөнелту керек деген шешім шығарып, тиісті акт жасады.
Әлгі қария мұны естіп жылап жіберді. «Көмектесем деген уәделеріңіз қайда? Балалар үйіне тапсыруды мен білмейді дейсіздер ме» деп ренжіді.
Заңға салсақ, ешбір туысқаны болмағандықтан, балалар мемлекеттік мекемеге берілуі керек болатын немесе асырап алатын қамқоршы табу керек еді.
Балаларды жетімдер үйіне өткізсек, 73-тегі қарияның құсадан айыға алмай кететінін түсіндім. Жарты сағат ойланған шығармын, ақыры әлгі балаларды патронаттық тәрбиеге аламын деп шештім. Әлі күнге дейін олардың анасын іздеп жатырмыз.
Табу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Бір жағынан бес баланың анасы ретінде бейкүнә сәбилердің тағдырына бейжай қарай алмадым.
Екінші жағынан бұл менің жұмысыммен тығыз байланысты шаруа еді. Сондықтан отбасымның келісімін алған соң балалар мен қарияны өз үйімізге көшіріп алдық.
- Өзіңіздің бес балаңыз бар екен. Оған тағы 5 адамды қосып алу қиын болған жоқ па?
- Дұрыс айтасыз. Бірақ басқа не істей алатын едім? Қарияны қиындықтың ортасында қалдыра алмадым. Өйткені ең басында көмектесуге уәде берген мен едім. Бұл тіпті офицердің емес, ананың серті болатын. Неліктен екенін білмеймін, бірақ өзімді оларға көмектесуге міндетті сияқты сезіндім.
- Бұл шешімді жақындарыңыз қалай қабылдады?
- Ата-анам таңғалды. «Күн сайын мұндай жайттың түр-түрін көресің. Неге дәл осы балаларды таңдадың» деп сұрады. Нақты ненің әсер еткенін олар түгіл өзім де түсінбеймін. Бір білетінім, қария мен кіші қыздың аянышты халі қатты әсер етті.
Менің де Диана атты қызым бар. Сондықтан болар, қызыммен аттас 5 жасар баланы тағдырдың қатал сынына қариямен бірге қалдыруға ұятым жібермеді. Үйге әкелген соң киімдерін ауыстырып, жаңадан өмір бастатуға тырыстым.
Ескі киімдері мен бұйымдарын сол жерде қалдырдық. Биыл бірге тұрып жатқанымызға 3 жыл болады. Погон тағып жүргеніме 20 жыл болды. Жұмысым ауыр болса да, балаларды қамқорлықтан кенде қалдырған жоқпын деп ойлаймын.
Есейген сайын қолдау көрсетіп, тірегіме айналып келеді. Түн ортасында жұмысқа шақыра қалса, бірге баратын болды.
- Өз балаларыңыз бұған қалай қарады?>
- Шынымды айтсам, басында уайымдадым. Мінездері сәйкеспесе не болады деген ой болды. Тоғыз баланың тәрбиесіне жауапты болу оңай емес екенін білдім өйткені. Оларды ашықтырмай, кием деген киімін алып беру де оңай емес еді.
Басында әріптестеріме ол туралы айтпаған болатынмын. Кейін бәрі ашылған соң олар да көмек қолын созды. Басшылар қолдау білдірді. Әсіресе пандемия кезінде 9 баланың қажетін тауып беру қиын болды.
Қашықтан оқудың машақатын бір адамдай сезінген шығармыз. Демеушілер табылып, бізге компьютер мен принтер сыйлады. Балалардың көп болғаны үй шаруасында жақсы.
Кез келген жұмысты бөліп алып оңайлатып жібереді. Тоғыздың төртеуі – ересек. Үлкендері кішікенелерін жетелеп, селбесіп өмір сүріп жатырмыз. Бірі тамақ істесе, бір үй жинайды.
Тағы біреуі кішкентайлардың сабағын пысықтайды. Ешқайсысы бос отырмайды.
Перзент сүюді армандап жүрген жұптарға баланың бөтені болмайтынын айтқым келеді. Біреудің баласы деп қарамай, қорықпай бала асырап алуға болады.
Менің орнымда болса, сол кезде кез келген басқа ана дәл осындай шешім қабылдайтын еді деп ойлаймын. Менің мысалым бала асырап алуға ниеті бар, бірақ қорқынышын жеңе алмай жүрген адамдарды осындай қадам жасауға итермелейді деп үміттенемін.
Қорықпаңыздар! Мүмкін бала асырап алғаннан кейін құдай перзент сыйлайтын шығар. Баланың бәрін перзентім деп қабылдайтын адамдар көп болса, елімізде жетімдер үйі де қалмайтын еді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала