Тоқаев зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануға қатысты пікір білдірді
- авторjambylinfo.kz
- 7 ақпан, 2024
- 566
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, нақты секторды ұзақ мерзімге арналған қаржымен қамтамасыз ету – өнеркәсіп саласын қарқынды дамытудың негізгі шарты. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін тиімді пайдалану осы мәселені шешуге көмектеседі.
«Бұл ретте, әрине, міндетті түрде зейнетақы жинағының сақталуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан, экономиканы әртараптандыруға және индустрияландыруға ықпал ететін жобаларды мұқият іріктеу қажет. Экономикалық айналымға түсетін зейнетақы активтерін тек қана нарық талаптарына сай қолдану керек. Бұл мәселеде салымшылар алдындағы жауапкершілік өте жоғары. Қажет болса, Үкімет бірыңғай зейнетақы салымдары есебінен жүзеге асырылатын жобалардың пайыздық өсімін субсидиялауға тиіс», деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Президент осы маңызды жұмысқа квазимемлекеттік құрылымдар сияқты делдалдарды қолдан жасаудың қажеті жоқ екенін ашық айтты.
Мемлекет басшысы бұл іске тиісті сараптама жасай алатын және қажетті инфрақұрылымы бар екінші деңгейлі банктерді белсенді түрде тартуды тапсырды.
«Банктерді экономиканың нақты секторына қаржы құюға ынталандыру керек. Үкімет пен Ұлттық банк өзара тығыз ынтымақтасып, бұл жұмысты бірлесе жүргізуге тиіс. Жалпы, Ұлттық банк инфляция үдерісі мен экономиканың өсімін бақылап отыруды көздейтін тиімді жалпымемлекеттік саясатты ұстануы керек», деді ол.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз