ТЖМ Крещение шомылуы кезіндегі қауіпсіздік ережелері туралы ескертті
- авторjambylinfo.kz
- Бүгін, 12:15
- 50
Төтенше жағдайлар министрлігі христиандық «Крещение Господне» мерекесі қарсаңында дәстүрлі шомылу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Биыл мерекеге дайындық аясында еліміздің өңірлерінде қыс мезгілінде жаппай шомылуға арналған 278 ресми орын белгіленген.
Жаппай шомылу орындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құтқарушы-сүңгуірлер, жедел ден қою бригадалары, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмылдырылады. Жалпы саны 2934 қызметкер мен жергілікті атқарушы органдардың 539 қызметкері кезекшілік етеді. Сонымен қатар, жедел әрекет ету үшін 1164 бірлік техника дайындалады.
ТЖМ азаматтарға шомылу барысында келесі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді:
– Ойыққа түсер алдында денсаулық жағдайыңыздың жарамдылығына көз жеткізіңіз. Созылмалы аурулары және жүрек-қан тамыр жүйесінде кінәраты бар адамдарға суға түсу ұсынылмайды.
– Қауіпсіз шомылу үшін судың температурасы 0 градустан төмен болмауы тиіс.
– Тек арнайы дайындалған және қауіпсіздігі қамтамасыз етілген орындарда ғана шомылыңыз.
– Қатты ағысы бар және тасты аймақтардан аулақ болыңыз.
– Жалғыз суға түспеңіз, жанында көмек көрсете алатын адам болғаны дұрыс.
– Жылы әрі таймайтын аяқ киім киіңіз.
– Суға түсер алдында бұлшықеттерді қыздырып, денені суыққа дайындаңыз.
– Суға тез түсіп, гипотермияның алдын алу үшін ұзақ уақыт тұрмаңыз.
– Кезекті сақтап, ойықтың жиегіне жиналмаңыз. Шомылғаннан кейін дереу жылы киім киініп, денені жылытыңыз.
Айта кетейік, 2025 жылы елімізде жаппай шомылуға 90 мыңнан астам адам қатысқан. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын тағы да еске салады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз




