Қуантар Әлиханұлы: «Өңірлік ғылымды дамытуға ден қою қажет»
- авторСадуақас Айсұлу
- 12 мамыр, 2025
- 147

«ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЗЕРТТЕУІНЕ 18 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ»
– Қуантар Дәуленұлы, әңгімемізді Ұлттық ғылым академиясының ұйытқы болуымен Алматыдағы қазақ ғылымының қарашаңырағы – Ғылым ордасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас ғалымдармен өткен кездесуінен бастасақ. Кездесуде көбіне не жайлы айтылды? Бұл кездесу отандық ғылымның алдағы кезеңіне қандай серпіліс бермек? Жалпы өзіңіз қандай әсер алып, нендей ой түйдіңіз?
– Бұл тарихи кездесу болды деп айтсақ, артық емес, себебі жас ғалымдар алдында Мемлекет басшысы үлкен стратегиялық тапсырмалар қойып, алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейіп, бюджеттен 18 миллиард теңге қарастырылатынын атап өтті. Сонымен қатар үздік 10 жас ғалым Президент қолынан пәтер сертификаттарын алып, тағы 190 пәтер берілетіні белгілі болды.
Сондай-ақ нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.Отандық ғылымның дамуына алдағы уақытта қабылданатын «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы тікелей әсер етпек.Бұл заңды ҚР Парламентінің Сенаты екінші оқылымда мақұлдады, мұнда ғылыми қызмет субъектілері және олардың құқықтары айқындалады.
«БІРҚАТАР ӨҢІРЛІК ИНСТИТУТҚА ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ ДЕГЕН СТАТУС БЕРІЛДІ»
– Жалпы біздегі қалыптасып қалған көзқарасқа сүйенсек, ғылым дегенде алдымен жастар емес, көбіне егде тартқан, кітапқа көміліп, ой үстінде отырған аға буын өкілдері көз алдыңа келеді. Дегенмен ХХІ ғасырда ғылымға көптеген бетбұрыс жасалып, ғылыми орта жасара түскендей. Осы ретте біздің елде жастардың ғылымға деген қызығушылығы қаншалықты артты?
– Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ғылымды дамытуды қаржыландыру деңгейі алдыңғы үшжылдық бюджетке қарағанда соңғы үшжылдықта 5,5 есеге артып, 716 миллиард теңгені құрады. Ал бір жылдық статистиканы алатын болсақ, 2023 жылы ғылымды дамытуға 149 миллиард теңге бөлінген болса, 2024 жылы 207 миллиард теңге бөлініп, 39 пайызға артты.
Тағы да статистикаға үңілсек, еліміздің ғылыми әлеуеті 25 400 шамасында ғылыми кадрды құрап, алдыңғы жылға қарағанда 13 пайызға көбейген. 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар пайыздық көрсеткішпен 46 пайызға жуық көрсеткішке ие, оның ішінде 35 жасқа дейінгі жас зерттеушілер 29 пайызды құрайды.Жалпы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелермен айналысатын ғылыми қызметкерлердің орта жасы – 44 жас. Тағы бір қызықты факт, отандық ғылымды дамытуға қазақстандық ғалым-әйелдер айрықша үлестерін қосуда.
Олардың ғылыми қызметкерлер арасындағы пайыздық үлесі 53,4 пайызға жеткен.ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президентінің бастамасымен 2024 жылдың ақпан айында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында алғаш рет Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі құрылды.Отандық жас ғалымдардың әлеуеті өте жоғары. Ұлттық құрылтай мен Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес мүшелігіне енген жас ғалымдар көп.Мәжіліс және Сенат депутаттарымен кездесу кезінде кеңес жас ғалымдарды жүйелі қолдау үшін заңға «Жас ғалым» ұғымын енгізуді ұсынды.
Сондай-ақ жас ғалымдарды әлеуметтік қорғау шаралары, ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру ережелері мен критерийлері бойынша ұсыныстар берілді. Республиканың жетекші жас ғалымдарын қаржылай қолдау қорын құру ұсынылды.Жоғары оқу орындарымен қатар, ғылыми институттарға PhD даярлаудың толыққанды тетігін беру және «500 ғалым» бағдарламасы аясында шетелдік үздік ғылыми орталықтарында үш жылға дейін постдокторлық зерттеу жүргізуге грант беру ұсынылды.
– Мемлекет басшысы соңғы жағдайларға байланысты ғылыми технологиялық болжау және оның алдын алу секілді маңызды міндеттерді назарға алуда, Ұлттық ғылым академиясының базасында форсайттық зерттеулер жүргізуде, осы бағыт бойынша айта өтсеңіз…
– Қазіргі таңда отандық ғылымдағы өзекті мәселе – ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын анықтау. Егер технологиялық тұрғыдан дамыған елдердің тәжірибесімен салыстыратын болсақ, біздің елде басымдықтар көп жағдайда қаржыландыруды негіздеуге қызмет етеді және мемлекеттің қажеттіліктеріне емес, ғалымдардың мүмкіндіктеріне қарай бағытталған.
Осыған байланысты Ғылым академиясының базасында форсайттық зерттеулер мен технологиялық болжау негізінде және дамудың әлемдік трендтерінің, еліміздің ғылымының, экономиканың нақты жай-күйін бағалау арқылы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындаудың объективті жүйесі енгізілді.
– Қуантар Дәуленұлы, қазіргі таңда ғылым мен жергілікті атқарушы органдардың арасындағы байланыс, жалпы қазір өңірлердің ғылыми әлеуеті қандай?
– Бізде өңірлердегі ғылымды дамыту мәселелерінде теңгерімсіздік айқын байқалады. Өңірлерде зерттеуші-мамандардың 35 пайызы ғана жұмыс істейді, олардың басым көпшілігі Алматы, Астана қалаларында шоғырланған. 1 мың тұрғынға шаққанда зерттеуші-мамандардың саны (яғни бұл абсолютті емес, салыстырмалы көрсеткіштер) Ұлытау облысында Алматы қаласымен салыстырғанда 68 есеге, Алматы облысында 28 есеге, Түркістан облысында 27 есеге, Солтүстік Қазақстан облысында 18 есеге, ал Жамбыл облысында 13 есеге төмен.
Ғылымды қаржыландыру бойынша да Алматы мен Астана қалалары көш бастап тұр, олардың үлесіне барлық ішкі шығындардың 66 пайызы, бағдарламалық-мақсатты және базалық қаржыландырудың 79 пайызы, гранттық қаржыландырудың 75 пайызы тиесілі. Жергілікті бюджеттерден бөлінетін ғылымды қаржыландыру көлемі өте төмен болып отыр. Мысалы, ол 2023 жылы ғылыми зерттеулерге жұмсалған жалпы шығындардың бар болғаны 0,4 пайызын құрады.
Ал 10 өңірде бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттерден қаражат мүлдем бөлінбеді. Сондықтан біздің ғалымдар жергілікті мәселелерді білмейді, ал бизнес ғалымдардың ғылыми әзірлемелерінен хабары жоқ.
Өңірлік ғылымды дамыту мәселесін шешуге және оның өндіріспен байланысын нығайтуға қатысты міндеттерді орындау үшін Ұлттық ғылым академиясы биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» атты бастамасымен өңірлерде Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестер құру ұсынылып, Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты.
Бұл ғылыми, ғылыми-техникалық саясаттағы жүйелі «олқылықтың» орнын толтырып, ғылымды практикаға және нақты өндіріске жақындатып, осылайша елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайта отырып, өңірлердің әлеуметтік және экономикалық дамуына мүмкіндік береді.
Ұлттық ғылым академиясы Президиумының Жамбыл облысындағы көшпелі отырысы нәтижесінде пилоттық режимде Президенттің тікелей тапсырмасына сай «Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңес» құрылып, оған облыс әкімі төрағалық ететін болды. Кеңес құрамына мәслихат депутаттары, жетекші ғалымдар мен бизнесмендер енеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Талғат БЕРІКБАЙҰЛЫ