Виза, паспорт қажет емес: Арменияға барудың жаңа тәртібі күшіне енді
- авторСадуақас Айсұлу
- 2 қазан, 2025
- 322
Қазақстан азаматтарына Арменияға тек жеке куәлікпен сапарлауға болады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды.
Бірінші келісім өзара сапарларды жеңілдетуді көздейді. Енді Қазақстан азаматтары Арменияға тек жеке куәлікпен, ал армян азаматтары Қазақстанға сәйкестендіру картасымен кіре алады. Екі ел азаматтары бір-бірінің аумағында тіркеусіз 90 күнге дейін еркін жүріп-тұра алады. Бұл мерзім алты ай ішінде сақталады.
Аталған келісім 2024 жылғы сәуір айында екі ел президенттерінің қатысуымен бекітілген болатын. Құжат туризмді, іскерлік байланыстарды дамытуға және гуманитарлық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді.
Екінші келісім көші-қон саласындағы ынтымақтастықты реттейді. Ол заңсыз миграция мен қос азаматтықтың алдын алу, деректер мен құқықтық ақпарат алмасу, сондай-ақ тиісті органдардың іс-қимылдарын үйлестіру сынды бірлескен шараларды қамтиды.
Құжаттар Қазақстан мен Армения арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуды көздейді.




