Қырғызстандағы тасқыннан қазақстандық екі бала қаза тауып, екеуі іздестірілуде
- авторjambylinfo.kz
- 30 маусым, 2024
- 561
Қырғызстанның Ош облысында тасқын салдарынан мерт болған сегіз адамның екеуі – кәмелетке толмаған қазақстандық балалар, тағы екі бала хабар-ошарсыз кеткен, деп жазады "Азаттық радиосы" "Азаттықтың" Қырғыз қызметіне сілтеме жасап.
Қырғызстанның Ош облысы Науқат (қырғызша Ноокат) ауданы Абшыр-Ата ауылында болған тасқын салдарынан кәмелетке толмаған екі қазақстандық қаза тауып, тағы екеуі хабар-ошарсыз кеткен. Бұл ақпаратты 29 маусым күні Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі таратты.
"Қырғыз республикасы құтқарушыларының күшімен олар іздестіріліп жатыр. Қазақстан мен Қырғызстан төтенше жағдайлар министрліктерінің басшылары тікелей байланыста. Барлық қажетті үйлестіру және ақпарат алмасу атқарылып жатыр", – деді Қырғызстан ТЖМ баспасөз қызметі.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қырғызстандағы төтенше жағдай кезінде қазақстандық екі жасөспірім қаза тапқанын растады.
"Қазіргі таңда екі баланың денесі табылып, тағы екеуін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Табиғи апат орнында қырғыз тарапының құтқару қызметтері жұмыс істеуде. Қазақстандық дипломаттар жергілікті билікпен тұрақты байланыста" деп хабарлады Қазақстан СІМ сенбі күні кешке.
Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, Ош облысында 28 маусым түстен кейін болған тасқын салдарынан барлығы сегіз адам опат болған. Олардың алтауы –8 бен 19 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер. Науқат ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды.
29 маусым күні кешке Абшыр-Ата сарқырамасы маңындағы Абшыр-Сай демалыс аймағынан 1300-ден астам адамды эвакуациялау аяқталды. Сонымен қатар, құтқарушылар Кезарт жайлауынан 40 адамды қауіпсіз жерге алып шықты деп хабарлады Қырғызстан ТЖМ баспасөз қызметі.
ТЖМ есебінше, тасқын су Науқат ауданы бойынша 33 үйге жайылып, соның ішінде жетеуі суда қалған.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
«1 млн. 107 600 теңге»: Жамбылдық ұстаздар ақшалай сыйақыға ие болды
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024