сейсенбі, 3 желтоқсан, 2024 22:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қысқы маусымға дайындық пысықталды

Қысқы маусымға дайындық пысықталды
Сурет:Ашық дереккөзден алынды
Жамбыл облысында 9,6 шқ жылу желісі жаңғыртылып, 7 шқ жылу құбыры жөндеуден өтуде

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Jambylinfo.kz.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек баяндама жасап, алдағы жылыту маусымына байланысты іс-шаралар жоспары бекітіліп, арнайы штаб жұмыс істеп жатқанын айтты.

Өңірде 9 жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандық бар. Олардың көмегімен 1 646 көпқабатты тұрғын үй, 1 737 әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етіледі.

2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының дайындық жұмыстарына 15,3 млрд.теңге қаралды.

Биыл Тараз қаласындағы М-1 жылу магистралының 4,6 шақырымы, Қаратауда 4,3 шақырым және Жаңатаста 700 метр жылу желісі қайта жаңғыртылуда.

Сонымен бірге кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен 7 шақырым жылу желісінде ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүруде.

Облыста жылу желілерінің ұзындығы 350,7 шақырымды, тозу деңгейі – 55,5 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 54 пайызға дейін төмендейді.

- Жылыту маусымында тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін құрылыс, реконструкциялау және жөндеу жұмыстары қысқа мерзімде аяқталуы қажет. Мердігерлердің жұмыс жоспарына аса назар аударған жөн, – деді облыс әкімі.

Алдағы жылыту маусымында тұрғындарға 144,8 мың тонна көмір қажеттілігі бар. Бүгінгі күнге дейін өңірдегі теміржол тұйықтарына 12 мың тонна көмір отыны жеткізілді. Өткен жылы 11 елді мекенге газ тартудың нәтижесінде биыл көмірге қажеттілік 5,1 мың тоннаға төмендеп отыр.

Бұдан бөлек, аймақтағы білім, денсаулық сақтау, спорт және  мәдениет нысандарына 62 623 тонна көмір қажет.

Бүгінде мердігерлер анықталып, әлеуметтік нысандарға қажетті көмір отыны жоспарға сәйкес жеткізілуде.

Ербол Қарашөкеев өткен жылыту маусымында көмірдің сапасына қатысты тұрғындардан шағым түскенін еске салып, биыл бұл олқылыққа жол берілмеуі үшін тұрақты мониторинг жүргізуді талап етті.

Кеңес барысында жауапты басқарма басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері, сондай-ақ «Таразэнергоорталық» АҚ, «Жамбыл Жылу» кәсіпорнының өкілдері алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы хабарлама жасады.

- Жұмыстың сапасы мен нәтижесі қыс мезгілінде көрінеді. Сондықтан дайындық жұмыстары сапалы орындалуы тиіс,– деп Ербол Қарашөкеев жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар