«Қызыл аймақ» көбейіп тұр
Еліміздегі эпидемиялық ахуал қайтадан нашарлап, Қазақстан «қызыл аймаққа» өтті. 26 маусымнан бастап «қызарған» өңірлер қатары бесеу болды.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласымен қатар Алматы қаласы және Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары «қызыл аймақ» қатарында тұр. Ал «сары аймақта» Шымкент қаласы және Қостанай, Маңғыстау облыстары бар. Қалған өңірлер – «жасыл аймақта».
Өткен аптада коронавирустың жаңа штамы – «үнді» штамының анықталуына байланысты елордада карантин талаптарын қатайту туралы шешімдер қабылданған. Онсыз да қанша уақыттан бері «қызылдың» құрсауында тұрған Нұр-Сұлтан қаласына сақтық шараларын күшейтпесе болмайды. Ал жақында ғана «қызыл аймаққа» қосылған төрт өңірде де шектеу талаптары қайта қарастырылып, сол аймақтардағы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлердің қаулысына өзгерістер енгізілді.
Жалпы карантин талаптарын қанша жерден күшейткенмен, індетке тойтарыс берудің басты «қаруы» вакциналау екені түсінікті. Дегенмен қазіргі шырғалаң шақтағы осы маңызды іс-шараның ілгерілеуі ойдағыдай болмай тұр. Сондықтан өңірлерде вакциналаудың қарқынын арттыруға барынша күш салынып жатыр. Бұл ретте, әлбетте, халықтың вакцинаны ерікті түрде қабылдау құқы сақталады. Тек көпшілік вакциналауды өзінің ғана емес, айналасындағылардың да амандығы үшін қажет екенін әрі қалыпты тіршілікке оралудың жолы екенін түсіну керек. 27 маусымдағы мәлімет бойынша елімізде бірінші компонентпен 3 130 095 адам, екінші компонентпен 1 891 022 адам вакцина салдырды.
Қазақстан вакциналау көлемі бойынша әлемде 42-орынды алды. Our World in data онлайн-басылымы жасаған рейтингте Қазақстанда әрбір оныншы азамат вакцина алғаны көрсетілген. Жалпы мұнда біздің елде 1,79 млн адам вакциналанып, бұл халықтың 9,4%-ды құрайтыны айтылған. Ал аталған рейтингте көш бастаған Қытайда 223 млн адам вакцина салдырған, бірақ бұл халықтың тек 15%-ы ғана екен.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Деструктивті діни ағымдардың алдын алу - өзекті мәселе
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Педагог категориясының өсуі жалақыға қаншалықты әсер етеді?
- авторjambylinfo.kz
- 24 қараша, 2024