жұма, 5 желтоқсан, 2025 18:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Заң және тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі»: Асылхан Дармурзаев

«Заң және тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі»: Асылхан Дармурзаев
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында еліміздің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету, әлеуметтік әділеттілікті нығайту, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық климатты жақсарту мен жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде нақты жоспарлар ұсынды.

Бұдан бөлек Жолдауда жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономикамызды жаңғырту туралы да кеңінен айтылды. Мемлекет басшысы: «Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн», – деп атап өтті.

Жалпы, әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтырудың маңызы зор. Бұл барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі. Осы ретте қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажет-ақ.

Бұл орайда Президент «Заң және тәртіп» мемлекетіміздің мызғымас тұғыры екенін тағы да еске салды. Оның айтуынша, қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным.

– Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы санасезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады. Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегесіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс. Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек. Ұлы Абай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп бекер айтпаған. Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет. Қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек. Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз. Кез келген кедергіден өтеміз. Сондықтан жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы халыққа арнаған былтырғы Жолдауында халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл, жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталған еді. Әйтсе де, қазіргі таңда жол инфрақұрылымы жақсара түскенімен, қара жолда қаза табатындардың саны азаймай тұр.

Мәселен, өткен жылы 30 мыңнан астам жол апаты тіркелсе, биылғы жылдың есепті кезеңінде 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы орын алған. Президент айтқандай, шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес.

– Жылдамдықты асырмау, жол ережесін бұзбау – ең басты және маңызды талап. Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет. Сондай-ақ электрсамокаттарға назар аударған жөн. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіпқатер төніп тұр. Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны көп созбай қабылдау керек. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат. Бұл мәселеде ұсақтүйек деген болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар, – деді Мемлекет басшысы.

Бір анығы, қазір ел Үкіметі қауіпсіздікті де, бақылауды да арттыратын инфрақұрылымды белсенді түрде құруда. Алайда ең алдымен бұл мәселеде көлік жүргізу мәдениетіне көп көңіл бөлу керек секілді. Жол-көлік оқиғасын, тіпті адам шығынын тудыруы мүмкін кішігірім құқық бұзушылықтарға толық төзбеушілікті қалыптастыру артық етпейді. Сонда ғана жол бойында апаттық жағдай туғызатын, өзгелерге қауіп төндіретін әрекеттерге тосқауыл қойылар еді. Өйткені мемлекет үшін еліміздің басты құндылығы – адам өмірінен маңызды ештеңе жоқ.

 

                                                                         Асылхан ДАРМУРЗАЕВ

                                                                       облыстық соттың соттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңесінің төрағасы, отставкадағы судья.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар