жексенбі, 22 желтоқсан, 2024 21:52

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Заманауи сайлау жүйесі – саяси реформаның басты құралы

Заманауи сайлау жүйесі – саяси реформаның басты құралы
ашық дереккөз
Қазақстанда жан-жақты өзгерістер кезеңінде сайлау заңнамасын үнемі жетілдіріп отыруға баса мән беріледі.

Серғали АЙДАПКЕЛОВ, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы: Заманауи сайлау жүйесі – саяси реформаның басты құралы –Серғали Өмірзақұлы, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар сайлау саласына қандай өзгерістер алып келді? – Соңғы жылдары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Онда осы аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларын кәсіби тұрақты негізге көшіру туралы арнайы тармақ енгізілді. Осылайша, 2019-2022 жылдар аралығында барлық деңгейдегі аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары кәсіби тұрақты негізде жұмыс жасады. 2023 жылдың қаңтарынан бастап облыстық аумақтық сайлау комиссиясының барлық жеті мүшесі, ал, қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының үш мүшесі яғни, төрағалары, орынбасарлары мен хатшылары кәсіби тұрақты негізде жұмыс жасауда. ҚР Орталық сайлау комиссиясының және облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби деңгейін арттыру бағытында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Алдымен комиссия мүшелерінің сайлау жүйесіндегі білімі мен кәсіби біліктілігін шыңдауға арналған кезеңдік оқытулар, семинар-тренингтер, іскерлік ойындар және т.б ісшаралары ұйымдастырылды. Өткізілген іс-шараларда сайлау процесін ұйымдастырушыларға сайлаудың заң талаптарына сәйкес өтуіне және оның ашықтығын қамтамасыз етуге басымдықтар берілді. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстағы барлық денгейдегі сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби деңгейі едәуір жоғарылады деп айтуға негіз бар.. Өйткені, өткен бес жылда сайлау комиссияларының сайлау процесін даярлауға өкілеттігі бар мемлекеттік органдар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, ҚР Президентінің екі сайлауын, Парламенттің екі палатасының (Сенат және Мәжіліс), барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының екі сайлауын, Республикалық референдумды және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ және аудан әкімдерінің сайлауын заң талаптарына сәйкес өткізуі осының айғағы емес пе? – 2024 жылы бұрынғы сайланған сайлау комиссияларының мүшелерінің өкілеттігінің аяқталуына байланысты аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жаңа құрамдары сайланды, ал олардың сапалық құрамы туралы сіз қандай пікірдесіз? – ҚР Сайлау туралы заңына сәйкес сайлау комиссияларының жаңа құрамдарын саяси партиялармен қоғамдық ұйымдардың ұсынысымен мәслихаттар қалыптастырады. Аумақтық сайлау комиссияларының құрамдарына сайланған комиссия мүшелерінің 72,6 пайызы қайта сайланғандар, ал, 27,4 пайызы алғаш рет. Айта кетуім керек, аумақтық сайлау комиссияларының құрамы ҚР сайлау туралы заңына енгізілген өзгерістердің негізінде ҚР Орталық сайлау комиссиясымен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкес жасақталды. Ал, учаскелік сайлау комиссияларының құрамдарына сайланған комиссия мүшелерінің 80 пайызы қайта сайланғандар, алғаш рет сайланғандары 20 пайызды құрады. Әрине, алғаш рет сайланған комиссия мүшелерінің сапалық құрамы туралы пікір айту әлі ертерек. Ең бастысы - бұл азаматтардың қоғам және заң алдындағы жауапкершілігінде. Қазіргі таңда ҚР Орталық сайлау комиссиясының және Облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен жаңадан сайланған комиссия мүшелерінің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында оларға арналған кезеңдік оқытулар, семинар-тренингтер, іскерлік ойындар және т.б ісшаралар ұйымдастырылуда. Одан кейін сайлау процесін ұйымдастыру кезінде олардың кәсіби деңгейі туралы пікір айтуға болады. Екінші өзгеріс, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты жолдауында ауыл әкімдерімен халық арасындағы байланысты нығайту мақсатында әкімдерді тікелей халық сайлауы арқылы жасақтау қажеттігі айқындалды. Осыған орай, 2021 жылы «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, әкімдерді сайлау тікелей халыққа берілді. Жалпы, 2021 жылдан бастап облыс көлемінде 135 аудандық маңызы бар қала және ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Кандидаттарды ұсыну барысында саяси партиялармен бірге жеке азаматтардың тарапынан өзін-өзі ұсыну белсенділігі едәуір артты. Бұның айғағы, жоғарыда айтылғандай 135 округке 516 ауыл әкіміне кандидаттықа үміткердің өтініштері тіркелген. Облыс көлемінде 135 аудандық маңызы бар қала және ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге даярлық барысында сайлау өтетін округтердегі сайлаушылардың бір пайыз қолдауына ие болып кандидаттыққа үміткер ретінде 391 адам өзін-өзі ұсынған, олардың ішінде 31 азамат ауыл әкімдері болып сайланды немесе жалпы сайланған әкімдердің 30 пайызын құрады. Өткен жылы алғаш рет Жуалы және Т.Рысқұлов аудандары әкімдерінің пилоттық режимде сайлауы өтті. Бұл сайлауда да саяси партиялар мен жеке азаматтардың тарапынан өзін-өзі ұсыну белсенділігі жоғары болды. Бұл үрдіс, қоғамды демократияландыру барысында азаматтарды мемлекеттік органдармен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және оларға сайлануына, сайлаушылардың жаңа саяси мәдениетін қалыптастыруға және сайлаудың ашықтығын қамтамасыз етуге ықпалын тигізуде. – Осы сайланған әкімдердің кәсіби деңгейі туралы сіздің пікіріңіз қалай? Сайланған ауыл және аудан әкімдері өздері басқаратын округтермен, аудандарда мемлекетіміздің, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында қабылдаған бағдарламаларын орындау барысында көш басшысы болуы керек. Ол үшін оларға білім, парасаттылық, ізденіс және жауапкершілік қажет. Сонда ғана олар халықтың сенімі мен қолдауына ие бола алады. – Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауы бойынша қандай өзгерістер енгізілді? – «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық Заңына енгізілген өзгерістерде, жаңадан сайланатын депутаттық корпустың таңдауын саяси партиялардан бөлек жалпы халыққа берілуінде және депутаттық мандаттарды бөлген кезде үш санат өкілдерінің: әйелдер, жастардың, мүгедектігі бар адамдардың саны жиынтығында партия алған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауы тиістігі айқындалған. Өткен жылы республика көлемінде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны өтті. Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының корпусы аралас сайлау жүйесі арқылы, яғни, кандидаттарды ұсыну партиялық тізіммен және бірмандаттық аумақтық округтер бойынша заң талаптарына сәйкес қалыптастырылды. Ал, қалалық және аудандық мәслихаттар толықтай мажоритарлық жүйемен бір мандаттық округтер арқылы сайланды. Олардың ішінде өзін-өзі ұсынып депутаттық лауазымға ие болғандар саны 20 пайызды құрады.. Яғни, сайлау жалпы халықтық болды деп айтуға толықтай негіз бар. – Өңірдегі өтіп жатқан сайлау процесіне қоғамдағы саяси институттар қандай деңгейде атсалысып, азаматтық позицияларын танытып жүр? – Әрине, жоғарыда айтып өткенімдей елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар сайлаушылардың сайлау процесіне тікелей араласуына, өз таңдауын жасауына және олардың жергілікті жерлерде атқарушы органдардың шешім қабылдау процестеріне қатысуға толық мүмкіндіктер береді. Бұндай оң өзгерістер өңірдегі саяси партиялармен қоғамдық ұйымдардың да жұмысын жандандыруға ықпал етуде. Дәлел ретінде айтуым керек, облыста 135 округте өткізілген ауыл әкімдерінің сайлауына саяси партиялар тарапынан 125 азаматтар кандидаттыққа үміткер ретінде өтініш берген. Олардың 104 ауыл әкімдері болып сайланған. Алайда, осы қоғамдық институттардың саяси науқан кезеңіне өз кандидаттарын даярлаумен іріктеуде жоғарыда қаралған арыз шағымдарда көрсетілгендей, олардың кадрлық резервті қалыптастыруда әлі де жоспарлы түрде нақты жұмыстар атқармайтындықтарын көрсетеді. Тағыда бір айта кететін мәселе, сайлаудың заң талаптарына сәйкес өтуіне және оның ашықтығын қамтамасыз етуге әр түрлі тараптардан қатысатын байқаушылардың рөлі үлкен. Мысалы,өткен жылы өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары сайлауында 5202 кандидаттардың сенім білдірген адамдарымен саяси партиялардың, өзге де акредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, комерциялық емес ұйымдардың және шет мемлекеттер халықаралық ұйымдардың байқаушылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Жоғарыда айтылып өткендей, сайлау барысындағы заң бұзушылықтардың орын алуын анықтаған негізінен байқаушылар. Шынтуайтына келгенде, байқаушылармен сайлау процесін ұйымдастырып өткізушілердің мақсаты бір, ол сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ете отырып заң талаптарына сәйкес өткізу. Біз осыны дұрыс түсінуіміз керек. – Жалпы, сайлау процесін даярлау және өткізу кезінде сайлаушылардың сайлауға қатысуына қандай ыңғайлы жағдайлар жасалған, немесе қандай жаңа технологиялар мен әдістер қолданылуда? – Сайлау туралы заңда сайлау учаскелерін сайлаушыларға барынша қолайлылық туғызу мақсатында, жергілікті және өзге жағдаяттар ескеріле отырып құру айқындалған. Бүгінгі күні, облыста құрылған барлық 505 сайлау учаскелері заң талаптарына сәйкестендірілген. Бұл учаскелердің барлығында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың учаскеге келіп дауыс беруіне толықтай жағдай жасалынған. Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған сәттен бастап дауыс беру күніне 30 күн қалғанға дейінгі мерзімде тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Сайлау комиссиялары сайлаушылармен жұмыс істеуде жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілердің мүмкіндіктерін пайдалануда. Мысалы, кейінгі саяси науқандарда Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен азаматтарды сайлау туралы барынша құлақтандыру шаралары ұялы байланыс операторларымен СМС хабарламалар тарату арқылы жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, сайлауға дейін сайлаушылардың тізімін нақтылау шаралары әкімдіктерде құрылған колл-орталықтарда және дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссияларымен еgov.kz порталындағы онлайн-сервистер арқылы сайлаушылардың дауыс беруіне жағдайлар жасалуда. – Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысында өзіңіз айтып отырған телекоммуникациялық желілерде, байқаушылар тарапынан жекелеген заң бұзушылықтар туралы жариялымдар болып тұрады, сол сияқты, талап-арыздарда құзыретті органдардың қарауына түсетін болар, олар бойынша қандай шешімдер қабылданды? 2023 жылдың көктемінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын және мәслихат депутаттарын сайлауы өткенін бәріңіз білесіздер. Осы саяси науқанда үміткерлер тарапынан соттарға жалпы саны 14 талап-арыз түсті. Оның ішінде: 10 аудандық мәслихат, 2 облыстық мәслихат және 2 ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлерден түскен. Мазмұнына қарай, 3 үміткердің декларациясы сәйкес келмеуінен, 2-сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша өтелмеген сот шешімінің болуы, 1-мерзімнен бұрын үгіт жұмысын бастағаны бойынша, ал, 8-сайлау қорытындысының нәтижелерімен келіспеу бойынша қаралды. Барлық талап-арыздар соттарда толығымен қаралды. Заңға сәйкес талап арыздарын қанағаттандырусыз қалдыру туралы соттың қаулылары шықты. 2023 жылғы 5 қарашада өткен екі аудан әкімдерінің пилоттық сайлауы бойынша барлығы 4 талап-арыз түсіп, олардың себебі мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес келмеуі бойынша болды. Яғни, комиссияның кандидаттың сәйкессіздігі туралы хаттамасымен келіспеу бойынша орын алған. Ауыл әкімінің сайлауы бойынша 1-талап арыз түсті. Онда кандидаттың мемелкеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес келмеуі бойынша толтырылған сайлау комиссиясының хаттамасымен келіспейтіні жөнінде жүгінген. Арыз иесінің талап-арызын қанағаттандырусыз қалдыру бойынша соттың шешімі шықты. Сайлау комиссияларына тағылған айыптау мен келіспеу бойынша сотқа 1-талап арыз түсті. Яғни, сайлау комиссияларының заң аясында өз жұмыстарының заңдылығын сот арқылы дәлелдеп, кандидатқа сот процесі кезінде заң талаптары түсіндірілді. Жамбыл облыстық сайлау комиссиясына 2023 жылы жалпы саны 80-арыз-шағым түссе, оның ішінде 49-арыз-шағым 2023 жылғы 19 наурызда өткен Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы бойынша тіркелген. 2023 жылғы 5 қарашадағы аудан әкімдері сайлауында 17-арыз-шағым қаралды. Мазмұнына қарай мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты орын алды. Ал, 14-арыз-шағым өзге де сайлау процесіне қатысушылардан түсті. Дауыс беру күні әр түрлі жағдайлар болады. Мәселен, өткен жылғы сайлау науқандарында 15-факт орын алып, әр орын алған жағдай жеке-жеке қаралып, сайлауға қатысушыларға қатысты мемлекеттік органдар тарапынан тәртіптік жауапкершілік туралы хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ, түсіндірме жұмыстары да жүргізілді. Барлық арыз-шағымдар заңда белгіленген мерзімде қаралып арыз иелеріне тиісті жауаптары берілді. Жалпы арыз-шағымдардың түсуі сайлаушылардың арасында саяси сауаттылықтың, сайлауға қызығушылықтарының артқанындығын білдірсе, екінші жағынан сайлау процесін ұйымдастырушы органдардың жауапкершілігі мен тәжірибесін арттырады. Сайлау қоғамдық саяси науқан болғандықтан, барлық мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, байқаушылар мен сенімді өкілдер тарапынан үлкен бәсекелестік ахуал қалыптасуы шартты жағдай. Бұл, барлық дамыған елдерде өтіп жатқан сайлаулардың тәжірибесінде көрініс табатын құбылыстар. Сондықтан, қоғам ішіндегі кез келген тараптар өкілдеріне таңдау жасау құқығы шектелмеуі тиіс. Біздің мақсатымыз, елімізде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан саяси реформаның негізінде сайлау процесін заманауи талаптарға сәйкес үнемі жетілдіріп отыру болып табылады.  

 

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар