«Жұмысқа тұру құны - 2 млн теңге»: Мұғалім министрге саладағы жемқорлық жайлы ашық айтты
- авторjambylinfo.kz
- 16 тамыз, 2024
- 1.8k
Астанадағы ауыл мектептері педагогтерінің республикалық форумында Ақмола облысында мұғалімі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа Жамбыл облысының білім саласында сыбайлас жемқорлықтың әлі жойылмағанын айтты. Тіпті соның кесірінен өзі қалаған жерге жұмысқа тұра алмапты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. inbusiness.kz -кен сілтеме жасап.
Оқытушының сөзінше, Жамбылда жұмысқа кіру үшін 1 млн теңге, әйтпесе 1,5-2 млн теңге сұрайтын көрінеді.
"Мен қазір Ақмола облысында жұмыс істеп жүрмін. Ал негізі Жамбыл облысында, өз туған өлкемде жұмыс істегім келген. Бірақ ол жақтағылар "орын жоқ" деген желеумен шығарып салды. Министрлікке арыз жазсақ, дәлел сұрайды. Жарайды, мен ізденіп жүріп Ақмола облысынан жұмыс таптым. Ал менің ізімді басатын інілерім мен сіңлілерім де ертең мен көрген дүниелерді көрмесе екен деймін. Қазір бір жерге жұмысқа кіру керек болса, кемінде 1 млн теңге, әйтпесе 1,5-2 млн теңге сұрайды. Тек педаоготер арасында демеймін. Негізі оңтүстікте сыбайлас жемқорлық көп салаға кіріп кеткен. Ең маңызды мамандық деп есептелетін мұғалімдер де осындаймен бетпе-бет келіп жүр. Қашан мен сияқты жастар ақшасыз, өзі жұмыс табатын күн болады?" – деп сұрады жас педагог.
Министр сыбайлас жемқорлықпен күрес әр азаматтың міндеті екенін айтты.
"Бәрі өзімізден басталады. Сұрақ қойдыңыз ғой, енді осыны өзіңізден бастаңыз. Ешкімге ренжімей, адал болыңыз. Айналаңыз ұрлап жатса да, адалдықты сақтаңыз. Менде мына жақта күйіп отырамын. Қанша рет тексеру жібердік?! Бір Түркістан облысына ғана 10 рет тексеру жібердік. Қоятын кез келді ғой... Бірақ бүкіл өңір жаман деуге болмайды. Сіз ақыры Ақмола облысына келген екенсіз, осы жерде мықты маман ретінде жұмыс істеп жетіліңіз. Одан кейін мен сізді Жамбыл облысына басқарманы басқаруға жібере аламын. Сол кезде осы былықтың бәрін жойып, тәртіпке келтіре аласыз", – деді Ғани Бейсембаев.
Форумнан кейін министр бұл сауал туралы БАҚ өкілдерінің алдында пікір білдірді.
"Сауал кезінде Жамбыл облысының нақты қай мектебінде, қай ауданында болған оқиға екені айтылмады. Көпшіліктің ортасында оны ежіктеп сұрауды жөн көрмедім. Ол әріптесімізге форумнан кейін жеке шығып, мәселенің мән-жайын анықтаймыз", – деді ол.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз