бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 20:24

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жұмыспен қамтудағы нақты істер

Жұмыспен қамтудағы нақты істер
sn.kz
Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу – Қазақстан Республикасы Үкіметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі. Жұмыспен лайықты қамтуды қамтамасыз ету – халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, адам ресурстары әлеуетін дамыту және іске асырудың маңызды шарты. Аймақта да жұмыспен қамту шаралары Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске асырылуда.

Биыл жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында облыста 67 373 жұмыс орнын құру жоспарланған.– Есепті кезеңде 24 940 жұмыс орны ашылып, жоспар 37 пайызға орындалды. Өңірлік карта бойынша 31 746 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Субсидияланатын жұмыс орындарымен 15 197 адамды қамту жоспарланып, нәтижесінде 11 889 азамат жұмысқа орналасты, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов.


Жұмыссыздықтың алдын алу бойынша басқарма тарапынан мүмкіндігінше жағдай жасалып-ақ жатыр. Мәселен, 1 291 адамды қысқамерзімді оқытуға тарту жоспарланған. Ал онлайн оқыту курсында 2 610 жұмыссыз азамат білімін жетілдіріп, оның 2 421-і сертификат алған.Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жастар арасында шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында микрокредит қарастырылған.

– Аталған қаржылай қолдау  21-35 жас аралығындағы жастарға 2,5 пайызбен беріледі. Биыл облыс бойынша 362 адамға шағын несие қаралған. Негізгі шарттарына тоқталатын болсам, шағын несие 5 жылға дейін, ал малшаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Ең жоғарғы сома – 5 миллион теңге. Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды, бірақ кепіл міндетті. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу уақыты 5 жылдан аспауы керек, – дейді басқарма басшысы.


Сонымен қатар биыл Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға қайтарымсыз гранттар беріліп келеді.Атап айтқанда, биыл 1 008 адамға 1448,6 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру көзделген. Өтінімді қабылдау кезеңдері 20-31 мамыр аралығында өткен.Биыл атаулы әлеуметтік көмекпен 55 423 адамды қамту жоспарланып, 4,8 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек 27 661 адамға тағайындалып, оған 1 349,4 миллион теңге қаржы көзделуде. 

– Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған азаматтардың ішінде 6 305 адам еңбекке қабілетті. Жыл басынан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1 054 адам тартылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайын кепілдендірілген әлеуметтік топтама қазір ақшалай берілуде. Мөлшері 1 балаға 5 538 теңге. Бұл мақсатқа 980,7 миллион теңге қаржы қарастырылып, 15 786 баланы қамту жоспарланған.

Есепті кезеңге 8 568 балаға 196 миллион теңге тағайындалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көмек алушылар саны 8 227 адамға, яғни 22,9 пайызға азайды, – дей келе, Еркін Келесов атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азаюына олардың жұмыспен қамту шараларына тартылуы оң әсер еткенін сөз етті.Айта кету керек, облыс көлемінде жергілікті мәслихат  шешімдеріне сәйкес осал топтағы азаматтардың жекелеген санаттарына атаулы және мереке күндеріне орай біржолғы көмектер көрсетіледі. Есепті кезеңде 6 981 азаматқа 899 659 мың теңге төленген.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар