....

....

бейсенбі, 22 ақпан, 2024 9:48

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Байланыс

Жұмыссыздықпен күрес – экономикаға қосылған үлес

Жұмыссыздықпен күрес – экономикаға қосылған үлес
ашық дереккөзі
Жұмыссыздықпен күрес – экономикаға қосылған үлес

Халықтың әлеуетін арттырудың бірден-бір көзі – табыс табатын тұрақты жұмыс орнының болуы екені белгілі. Сондықтан да үкімет аймақтарда жұмыссыздықпен күресуді назардан тыс қалдырған емес. Елдің табысын арттыру мақсатында мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау жүзеге асып келеді. Біздің облыстан бастау алған тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға негізделген пилоттық жоба да өз жемісін көрсетіп, бүкіл республика аумағында қанат жайғаны осы сөзіміздің дәлелі. Осындай нәтижелі іс-шаралар арқылы Т.Рысқұлов ауданында жұмыссыздық деңгейі төмендеген. Қазіргі уақытта ауданда 1866 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, деңгей 4,6 пайызды көрсеткен.

Мансаптық орталықтың Т.Рысқұлов ауданындағы филиалының жауапты мамандарының мәліметінше, биыл мұнда 3687 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған. Жыл басынан бері 9 ай ішінде 3530 адамды жұмыспен қамту жүзеге асқан, яғни 87,1 пайызға жоспар орындалған. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға облыстық бюджеттен 11 миллион 452 мың теңге қаражат бөлініп, биыл 50 адамды оқыту және жұмыссыз азаматтарды жұмыс орындарында оқыту бойынша 28 азаматқа білім беру жоспарланған. Осындағы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде жұмыссыз азаматтарды сұранысқа сай мамандыққа 3 ай мерзімде оқыту жүзеге асырылады.

– Жұмыссыздықпен күрестің бірден-бір жолы ретінде 2020 жылдан бері ауданның жұмыссыз тұрғындары колледжімізде қосымша кәсіби мамандықпен оқытылып келеді. Оқытылатын мамандықтар алдын ала еңбек нарығында зерттеліп, сұранысқа ие болғандары. Ал, қосымша жұмысшы мамандығын алуға ниет білдіргендер біздің оқу орнымыздағы мамандықтардың ішінен өзі қалағанын таңдайды. Ең алдымен біз аудандық жұмыспен қамту орталығында есепке тұрған тұрғындардың құжаттарын жинаймыз. Тыңдаушыларымыздың мектеп бітіргені туралы куәлігі және медициналық құжаты жиналған соң, қысқа мерзімді курс болғандықтан, 432 сағаттық дәрісті 3 айға бөліп оқытамыз. 2020 жылы балық шаруашылығында балықшы біліктілігін оқыттық. Онда 15 тыңдаушы өз ауданымызбен қатар, Тараз қаласы мен Жамбыл, Жуалы, Талас, Меркі аудандарынан келіп, білім алды. Сол 15 тыңдаушының біреуі ғана отбасылық жағдайына байланысты жұмысқа орналаспады, басқа 14-і де жұмыспен қамтылды. Біз өз түлектеріміздің оқуды бітіргеннен соң жұмыспен қамтылуына да жауаптымыз. Еңбекке араласқанынша байланыста болып, мәлімет алып отырамыз. Бұдан басқа, сол жылы біздің колледжден тігінші мамандығына 18 тыңдаушы оқып, олардың да барлығы дерлік жұмысқа орналасып кетті. Тыңдаушыларымыздың курсты аяқтаған соң жұмыспен қамтылуына біз де мүдделіміз, себебі олардың 70-80 пайызы жұмысқа орналаспаса, оқытуға мемлекеттік тапсырысты колледжге бермейді. 2020 жылы дәнекерлеу мамандығымен оқытқан тыңдаушыларымыздың 70 пайызы өз ауданымызда қалса, қалғандары Алматы қаласына жұмысқа орналасты. Былтыр 15 адам аспаз мамандығын оқып, бір қызымыз ғана бала күтіміне байланысты демалыста болды, қалғандары түгелдей табыс көзін тапты. Биыл қазан айынан басталған қысқа мерзімдік оқыту курсымызға 20 адам тамақтануды ұйымдастыру ісіне, 15 кісі кондитерлік мамандықта білім алып жатыр. Сонымен қатар, 15 тыңдаушы ветеринар- санитар біліктілігінің 10 айлық курсында оқып жүр. Ол кісілер тек тегін білім алумен шектелмей, өз студенттерімізбен бірдей шәкіртақы да, келетін жерінің шалғайлығына қарай жолақысын да алады, – дейді Құлан агротехникалық жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік жөніндегі орынбасары Райхан Ташыбаева.

Райхан Төлепбергенқызының айтуынша, колледж түлектерінің іс-тәжірибеден өтуін және жұмыспен қамтылуын әлеуметтік серіктестері «Бидайшы» шаруа қожа лығы, «Юлия» кондитерлік цехы, «Жекен» мейрамханасымен бірлесіп атқарады.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Ұқсас жаңалықтар