дүйсенбі, 25 қараша, 2024 12:21

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жүзге келген журналист

Жүзге келген журналист
ашық дереккөзі
Жүзге келген журналист
Қазақ өнері мен мәдениетінде 100 жасаған ғұмырлы тарланбоздар туралы бұған дейін естімеппіз... Интернет шолып, тарихи құжаттамаларды ақтарғанмен ондай деректі кездестіре алмадық.  
Кеңестік «қызыл журналистика институтының» түлегі – қазіргі тілмен айтқанда, атақты ҚазМУ-дың филология факультетінде ашылған журналистика бөлімінің алғашқы қарлығаштарының бірі – алматылық журналист Ханымбүбі Ақжолова апамыз күні кеше жасы 100-ге тол­ды. «Қазақстанға еңбек сіңірген мә­дениет қайраткері» құрметті ата­ғын қаламгер осыдан жарты ғасыр бұрын, яғни 1971 жылы зейнет жасына жеткенде иеленген екен. Енді ... санасы сергек, жады мық­ты бақуат апамыздың өз әңгімесіне құлақ түріп көрелік. – Майданнан келетін «қара қа­ғаздың» әлі де қардай борап басыл­май тұрған 1944 жылдың жазы. Аудандық газет маған белсенді ауыл тілшісі әрі өнегелі коммунист деп университетке жолдама берді. Өте қиын кезең. Таң атпай 500 грамм қара нан үшін кезекке тұрамыз, одан сабаққа жүгіреміз... Барлығы 14 студенттің ішінде қыз баладан – Тәслима Қарабалина екеуміз ғана. Жігіттерден – соғыстан жаралы орал­ған Кемел Тоқаев (Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі), кейін министр дәрежесіне жеткен Мүсілім Базарбаев, атақты ғалым, жазушы-журналист Мұқан Мамажанов, павлодарлық Петр Молчин мен Рафағат, әкесінің атын ұмытыппын, бәріміз бір курста тату-тәтті сыйласып, соғыстың зардабын еске алып кейде мұңдасып, бірге жүріп, жеңістің қуанышын бірге көріп, оқуымызды бітірдік. Жаны жайсаң сол құрбы-құрдастарымның барлығы да бақилық дүниеде, жандары жәннатта болсын. Ұстаздарын ұмытпаған Ханым­бүбі апамыз «Пешенемізге қазақтың даңқты ұлдары Мұхтар Әуезов, Бей­сембай Кенжебаев, Мәулен Бала­қаев, Сақтаған Бәйішов сынды сарабдал азаматтардан дәріс алу жазыпты» дейді. – Бірде Мұхтар Әуезов кезекті лек­циясын үйде оқыды. Бәріміз бел­гіленген уақыттан он-он бес минут ерте қамданып, жұмыс бөлмесі-ау шамасы, үлкен жарық залға имене кірдік. Маңдайы жарқырап ұлы ұстаз да келді. Жалма-жан орнымыз­дан ұшып тұрдық. Сондайлық ілти­патпен ишарат жасаған Әуезов, кенет: «Әп-пәле, мына екі бала неге төмен отыр? Атамыз қазақ қыз баланы ерекше құрметтеген. Кәне, төрге шығыңдар!» деді. Атағы жер жарған даңқты ұста­зымыздың құрметін сезінген Тәс­лима екеуміздің сонда бетіміз оттай жанып, төрге оздық, мәңгілік ұмыт­паймын... 1949 жылы оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған Ханымбүбі Ақжолованы республикалық «Социалистік Қазақ­стан» («Egemen Qazaqstan») аттай қалап, қызметке алады. Қолына қа­ла­мын ерте алған тілшілік жазу­дан тәжірибесі бар дипломды журналист-коммунист алғашқы күннен құлшынып іске кірісіп кетеді. Бір кү­ні соғыста отағасы мен үш бір­дей бауырынан, ет-жақын  ағайын­дарынан айырылған Естеу анасы «Кү­нім, оқуың ойдағыдай бітті, сен енді өз жолыңды табарсың, мен Сам­­­сыға, туған жеріме қайтайын» деп қи­ғылық салады. Жан дегенде жал­ғыз анасын қимаған қайсар қыз газеттің басшылығына бар жайтты тү­сіндіреді. Жағдайды тереңнен ұғын­ған басылым басшыларының бірі Тілеулес Балтағожин сол ме­зетте Алматы облысының хатшы­сы Ж.Жанғожинмен сөйлесіпті. «Қа­рағым, сенің орның біздің газет еді, амал не, тауқымет тартқан анаң­ды жалғыз тастамағаныңды мен де құп­таймын, облыс басшысы сені туған жеріңде жаңа қызметке таға­йындады, ақ жол, балам...» деп батасын беріп, шығарып салады. Қызыл дипломды Ханымбүбі Ақ­жолова Жамбыл аудандық «Боль­шевиктік жол» («Екпінді ең­бек») газетіне редактор болып таға­йын­далады. Өмір-тарихының жаңа парақ­тары ашылады. Қаламгер-қайраткер 90 жасқа толған кезде шәкірті санатында «Egemen Qazaq­stan» газетіне «Бір түйір «улы» қорғасын» атты менің жазған мақа­ламдағы адам тағдырына байла­нысты оқыс оқиға апамыздың қасі­ретті өмірбаян жол­дарындағы екін­ші парақ беттері-тін... Жамбыл аудандық «Екпінді ең­бек» («Атамекен») газетінде бес жыл­­дай қоян-қолтық еңбек еткен ке­зімізде, аяулы анамыздың зейнет жасында қызмет істеп жүргенін де сезбеппіз ғой!.. Редакциядағы партия ұйымының жетекшісі Ақжо­лова апамыздың жарғақ құла­ғы жастықққа тимей «Ертең журна­лис­тік-партиялық қыз­мет­те дәре­же­ле­ріңнің өсуіне бір се­бін тигі­зері хақ» деп, Нағашыбек пен Сейіт­хан­ның, Сарагүлдің, Есен­құл мен Манарбектің, Рәтбек пен Нүсіп­тің, әрине менің де, қолымызға кү­йіп тұрған коммунистік қызыл би­летті ұстатқаны да есімізде. Апамызбен қауышу, телефон ар­­­қылы тілдесу еш үзілмеген. Пан­де­мияға қатысты жағдай біржолата телефондық байланысқа көшкен-ді. Соңғы бір тілдескенімізде, апам: «Ой Алла-ай, редакция мен баспахана арасында құртақандай болып жүгіріп жүретін сендер де зейнет­керлікке шықтыңдар ма?» деп таң­дана күлген. Енді бір әңгімесінде апам «1936 жыл Жамбыл жәкем Мәс­кеуден декададан оралғанда Ұзын­ағашта екі комсомол қыз аудан жастары атынан оған гүл шо­ғын сыйлап едік. Сонда қасиет қон­ған, қыдыр дарыған ұлы бабамыз: «Бақытты бол, балам, көп жаса деп, басымнан сипап еді...» деп қалды... ...Әйгілі америкалық миллиардер-меценат, саясаткер Дэвид Рок­феллер (102) де жүзден асқандар қатарында. Бірақ ол ұзақ жасағаны  үшін ең алдымен дәрігерлерге қа­рыз­дар. Миллиардердің жүрегін әлем­нің ең үздік хирургтері 7 рет ауыстырған. Жүз жасаған Ханымбүбі Ақ­жо­­лова апамыз қарттықтың «ер­мегі» дәрі-дәрмегі болмаса, осы күн­ге де­йін доктор алдында кезек күт­кен кісі емес. Жаяу жүруді жа­ны сүйетін, нағыз қимыл шебері-тін, шәкірттеріне «жур­­налист пен қасқырдың асырау­шысы – аяғы» деп он-сан қайталап айтудан әсте жалықпайтын. Соңғы ширек ға­сырда Алматыда тұрып жат­қан апамыз 28-панфиловшылар сая­ба­ғында серуендеуші әрі дене тәрбиесі жаттығуларын жалықпай жа­саушы апалардың қолбасшысы бол­ғанын да көпшілігіміз біле бер­мейміз-ау. Иә, жүз жасаған аяулы әріптес апамыздың осындай да бір қымбат қыры бар...  
 
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар