Бизнес субъектілерінің нысандарына орнатылған Ashyq платформасы жаман тұмаудың таралу қаупін азайтудың бірден-бір тиімді жолы екені белгілі. Облыс бойынша жобаға қатысу үшін жүздеген өтінім түсіп, оның басым бөлігі ресми рәсімделіп, кәсіпкерлерге QR-код берілген.
– Бүгінде облыс орталығында 151 субъекті Ashyq платформасы арқылы жұмыс істеп тұр, – дейді Көкшетау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Андрей Подгурский, – алғашқы бетте кәсіпкерлер тарапынан түсініспеушіліктің болғаны рас. Жаңалыққа жатырқай қарайтындар табылады ғой. Біз олардың басын қосып, не үшін қажет екендігін түсіндірдік. Алдымен халықтың денсаулығын сақтау, дауасыз дерттің алдын алу қажет. Екінші жағынан халыққа қызмет көрсету деңгейі кемімейді. Кәсіпкерлер жаңалықтың жай-жапсарын жақсы түсінгеннен кейін өтінімдерін бере бастады.
Бөлім басшысының айтуына қарағанда, Ashyq платформасы арқылы жұмыс істейтін нысандардың жартысынан астамы – қоғамдық тамақтандыру орындары. Жаңалықтың жай-жапсарын, тиімділігін кәсіпкерлер де айтып отыр.
– Дауасыз дерттің дабылы жеткеннен бері біздің салада жұмыс істейтін кәсіпкерлерге оңай болған жоқ, – дейді облыс орталығындағы «Бархат» дәмханасының иесі Айсұлу Бажақова, – әрқайсымыздың төлейтін несиелеріміз бар. Жұмысымыз тоқтап, шаруамыз қожырап кетті. Тығырықтан шығар жолдың бірі осы жаңалық екенін жете түсініп отырмыз. Бір айта кетерлігі, қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмыс істеуіне ғана емес, өңірдегі дертке тосқауыл қоюға септігі зор. Түйіндей айтқанда, екі жаққа да тиімді.
Облыс орталығындағы бірқатар компьютерлік клуб, шаштараз, монша тәрізді қоғамдық орындар осы платформа арқылы жұмыс істеуде.
– Біздің нысанға да платформа орнатылды, – дейді «Зевс» компьютерлік клубының директоры Олжас Шаймұрат, – қазір алаңсыз жұмыс істеудеміз. Халқымызда «сақтансаң сау боласың» дейтұғын қанатты сөз бар ғой. Клубқа келушілер жазатайым індет жұқтырып алса, қаншама қиындықты басынан кешірер еді. Енді міне, жағымды жаңалықтың нәтижесінде қауіп-қатердің алдын алып отырмыз. Өз басым платформаның тиімділігі аурудың алдын алу деп есептеймін. Шынында да бұл –дерт жұқтырмаудың бірден-бір жолы. Алдағы уақытта цифрлы платформа әр кәсіпкердің сенімді көмекшісі болуы әбден мүмкін.
Ashyq платформасы орнатылмаған нысандар шектеулі уақытта ғана жұмыс істейді. Аталған қосымша жалпы базамен біріктірілгендіктен, барлық дерек мөлдіреп көрініп тұр. Заманауи технологияның жетістігін өңірдегі кәсіпкерлер кәдеге жаратуға әбден құлықты. Кәсібін жаңа бастағандар да бірден өтінімдерін беріп, тіркелуге асығуда.
Сөз арасында платформаның тиімді екенін дәлелдейтін бір мысалды сыналап келтіре кетейік. Осы жаңалық арқылы облыс орталығында қоғамдық тамақтандыру орындарында «қызыл» және «сары мәртебесі» бар 12 келуші анықталып, оның төртеуінде ПТР тестінің оң нәтижесі және 8-і қауіпті індетті тасымалдаушылар екені анықталған. Мысалы, Көкшетаудағы FamilyMood IPARTMOOD мейрамханасы мен «Мясорубка» нысандары сияқты қоғамдық тамақтану орындарында «қызыл мәртебесімен» бірнеше адамның келгені анықталған. Мұндай оқиға Щучинск қаласындағы «Ягуар» фитнес-орталығы мен Бурабай кентіндегі «Достар» дәмханасында да орын алған. Осы бір мысалдан-ақ қауіптің сейілмей тұрғандығын, адамдардың әлі де бейқам екендігін, жаңалықтың пайдасын аңғаруға болады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз