Жаһандық серіктестік және ұлттық мүдде: Тоқаевтың сәуір айында бірқатар мәлімдеме жасады
- авторАрайлы Жақсылық
- 1 мамыр, 2025
- 104

Мемлекет басшысы ішкі саяси жиындарға қатысып, халықаралық саммиттерде сөз сөйлеп, өзекті мәлімдемелер жасады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Әлемдік нарықтағы тарифтік қақтығыстарға байланысты ел экономикасындағы ахуал талқыланған жиында, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында экономикалық мәселелер көтерілді. Президент сонымен қатар отандық ғалымдармен және халықаралық бітімгерлік бағытында еңбек етіп жүрген әскери қызметшілермен кездесті. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөз сөйлеп, әлеуметтік-экономикалық дамуға байланысты Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Бұл шаралардың барлығы Мемлекет басшысының сәуірдегі жұмыс күнтізбесінің тығыз болғанын айғақтайды.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК: ЖАҢА БАҒЫТТАР, ЖАҢА МІНДЕТТЕР
Сәуірдің алғашқы күнінде Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар Қазақстанға ресми сапармен келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер жүргізді. Тараптар саяси және экономикалық серіктестікті тереңдетуге келісті. Президент Словенияны Балқан түбегіндегі басты серіктестердің бірі деп атап өтті. Бүгінде Словения Қазақстан экономикасына шамамен 200 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған. Қазақстанда осы елдің қатысуымен фармацевтика, машина жасау және телекоммуникация салаларында жұмыс істейтін 20-ға жуық компания бар. Сапар барысында бизнес-форум өтті, оған Словенияның 25 жетекші компаниясы қатысты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Израиль Кнессетінің төрағасы Амир Оханамен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс пен су ресурстары саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль технологияларына жоғары баға беріп, серіктестікті нығайтуға дайын екенін білдірді.
Президент Қытайдың ірі логистикалық компаниясы – YTO Express-тің басқарма төрағасы Юй Хуэйцзяомен кездесіп, Алматы облысында жаңа сұрыптау хабын салу жобасын қолдады. Сондай-ақ, Qazpost – YTO бірлескен кәсіпорнына жақын маңнан индустриалды парк салу жоспары бар.
ІРІ ИНВЕСТОРЛАРМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Америкалық Chevron корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртпен кездесу барысында «Теңізшевройл» жобасы, сондай-ақ ұзақ мерзімді серіктестік мәселесі сөз болды. Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасы Николай Подгузов Президентке банктің елімізге салған 1,4 миллиард доллар инвестициясы туралы және жаңа жобаларға 4,5 миллиард доллардан астам қаржы тарту жоспарымен бөлісті.
«Яндекс Global» компаниясының бас директоры Даниил Шулейкомен кездесу барысында платформа арқылы 65 мың жүргізушінің әлеуметтік қорғалуы, компанияның төлеген салық көлемі мен AI-Sana жобасына қатысу ниеті айтылды.
Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен бейресми кездесу барысында газ және көлік-логистика салаларындағы жобалар талқыланып, сауда айналымын 1 миллиард долларға жеткізу мәселесі көтерілді. Бұдан бөлек, Президент Пәкістан, Хорватия, Ресей елдерінен келген жоғары лауазымды тұлғаларды қабылдады.
UEFA президенті Александер Чеферинге еліміздің футбол дамуына қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» ордені табысталды.
САММИТТЕР МЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯЛАР
3 сәуірде Мемлекет басшысы Самарқандта өткен «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитіне қатысты. Саммит аясында Еуропалық Кеңес президенті Антониу Коштамен, Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйенмен және Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесулер өткізді.
Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда айналымы 50 миллиард долларға жуықтаған. Ел ЕО нарығына 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрін экспорттауға дайын. Сондай-ақ, Қазақстанда Еуроодаққа қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. ЕҚДБ-мен бірге жүзеге асатын «жасыл экономика» жобаларына 2 миллиард еуро тарту жоспары бар.
СЫРТҚЫ ҚАТЫНАСТАҒЫ СЕНІМ
Телефон арқылы өткен келіссөздер мен жеделхаттар да сыртқы саясаттағы маңызды байланыстардың бір көрінісі болды. Президент Сербия басшысы Александр Вучичпен телефон арқылы сөйлесіп, оны Қазақстанға шақырды. Үндістан мен Түркия басшыларына көңіл айту және қолдау жеделхаттары жолданды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы белгілі жазушы Әкім Таразидің және ғалым Сейіт Қасқабасовтың отбасына көңіл айтты. Пасха мерекесіне орай христиан қауымына құттықтау жолдады.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҚСАТ: ТҰРАҚТЫ ДАМУ МЕН ЕГЕМЕНДІК
Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында берген сұхбатында:
«Қазір әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отыр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқарып келеді. Бұл еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономикалық өсімге ықпал етеді. Басты мақсатым – мемлекеттің экономикалық әлеуеті мен егемендігін нығайту», – деген болатын.
Сәуірдегі оқиғалар бұл ұстанымның нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Қазақстан ішкі тұрақтылықты сақтап, сыртқы саясатта салмақты қадам жасап келеді.