жұма, 27 желтоқсан, 2024 7:06

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысы медицинасының қарашаңырағы

Жамбыл облысы медицинасының қарашаңырағы
ашық дереккөз
Облыстық көпсалалы аурухана – өңіріміздегі тарихы мол, ең көне, ежелгі емдеу орны. 2023 жылы емдеу мекемесі 150 жылдығын атап өтті. Өткенге көз жүгіртсек, облыстық аурухана тарихы сонау ХІХ ғасырдан бастау алады. 1873 жылы уезд орталығы Әулиеатада жалға алынған шағын ғимаратта алғашқы қабылдау бөлімі ашылды. Алғашқыда бар болғаны 6-ақ төсектік ауруханада санаулы ғана науқасқа ем-дом жүргізуге мүмкіндік болыпты. Емдеу орнында медициналық қызметті 1 дәрігер, 1 фельдшер және босануға жәрдем беретін 1 әйел көрсеткен екен.

Сол жылдары медицина қызметкерлеріне аурулармен ғана емес, халықтың жаппай білімсіздігімен де күресуге тура келді. Себебі халық арасында адам өміріне қауіпті аурулар мезгіл-мезгіл бас көтеріп, елді қынадай қырып тастаған кездер болған. Жаппай жұқпалы аурулар эпидемиялары мен ашаршылықпен күресу мақсатында медициналық қызмет құрылып, бірте-бірте нығая бастады. Сауатты медицина қызметкерлері болмағандықтан халық тәуіптер мен балгерлердің, сынықшы мен бақсылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Ана мен бала өлім-жітімі өте жоғары деңгейде болып, өмірдегі қиындықтар халықтың қабырғасына қатты батты. Жеңіл-желпі дәрігерлік көмек болмаса, хирургиялық, акушер-гинекологиялық көмек жоқтың қасы еді. Мысалы, соқырішек, жедел холецистит, жарықтардың асқынуы, іш түйілуі сияқты аурулар халық арасында «іш түйнегі» деп аталып, сауатты дәрігер мамандардың жоқтығынан жыл сайын жүздеген науқас хирургиялық аурулардан көз жұмып жатты. Ал қатерлі инфекциялық аурулар (безгек, іш сүзегі, оба, тырысқақ және тағы да басқа) бүкіл ауылдарды, тіпті кейде аймақтарды қынадай қырып, аямай жайратты. Сондықтан да адамдардың өмір сүру орта жасы тым қысқа болып, жүкті әйелдердің әртүрлі асқынулардан көз жұмуы, жас балалардың шетінеуі жиі ұшырасты.

Әр өңірде жиі-жиі жұт болып, малдар қырылып, ел арасын ашаршылық жайлады. Расында да сол бір кезең халық үшін ең ауыр, күйзеліс пен қасіретке толы жылдар болатын.1920 жылы КСРО құрамына кірген Автономды Қазақ (Қырғыз) Совет Социалистік Республикасы құрылды. Дәл сол кезде Үкіметпен қатар республиканың Денсаулық сақтау комитеті де ұйымдастырылды.Автономия бойынша, сонымен қатар Әулиеата уезінде де ауруханалар, дәріханалар, денсаулық сақтау пункттері, дәрігер мамандар мен фельдшерлер, акушерлер жетіспейтін. Мұрағат мәліметтеріне сүйенсек, 1920 жылы уезде бар болғаны 7 дәрігер, 34 фельдшер, 9 акушер, тіс дәрігері, мейірбике, провизор және 2 фармацевт қызметкері жергілікті халыққа медициналық қызмет көрсеткен. Шаповаловка, Луговое, Ново-Ивановка және Грозное ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттері ұйымдастырылып, жергілікті халыққа қызмет көрсете бастады. Ал ауруханалар тек Әулиеата мен Меркіде болған. Дәрігерлік амбулаториялар Қарабалта және Дмитриевка ауылдарында жұмыс істеді.Медициналық қызметкерлер ауылдардың, қалалардың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында халық-ағарту жұмыстарын, инфекциялық аурулар мен эпидемияларды төмендету шараларын жандандырып, жұқпалы ауруларға қарсы егулерді үздіксіз жүргізді. Сонымен қатар аурулардың алдын алу, алғашқы медициналық көмек көрсету, моншалар салдыру, су жүйелерін тарту істеріне де белсене атсалысты. 

1922 жылы Әулиеатада алғашқы әйелдер амбулаториясы ашылды. Осы кезеңде барлық жерде ана мен сәбиді қорғау апталықтары өткізіле бастады.Санитария, гигиена, өскелең ұрпаққа тәрбие беру мәселелері бойынша дәрістер өткізіліп, кездесулер ұйымдастырылды. Уездің көшпелі аудандарында ана мен сәбиді қорғауды насихаттау жұмыстарында басты рөлді «Қызыл киіз үйлер» атқарды. Бұл жерде түрлі үйірмелер жұмыс жүргізіп, медициналық кеңестер беріліп, әйелдердің құқығы жөнінде дәрістер оқылатын.1927 жылдың 6 маусымында Әулиеата дәрігерлік амбулаториясы жанынан Пастер кабинеті, яғни құтыру ауруына қарсы ем-шара жүргізетін арнайы кабинет ашылды. Мұнда негізінен ит қауып, денелері зақымданған адамдар қаралатын. Сол жылдың қазан айынан бастап қалалық (қазіргі облыстық) ауруханада түнгі жедел жәрдем қызметі ұйымдастырылды. Бұл қазіргі жедел медициналық жәрдем стансасының алғашқы қадамы еді десек, еш жаңылыспаймыз.Облыстың алғашқы хирургі Иван Промонтов Әулиеата қалалық ауруханасында 1921 жылдан 1938 жылға дейін қызмет атқарды. Иван Нилович кеуде және іш қуысының жіті ауруларына, түрлі жарақаттануларға ота жасап, талай науқастарды өлім аузынан алып қалды.

Дәрігер Промонтов медициналық мамандарды дайындауға үлкен назар аударды. Сөйтіп, уезде 1931 жылы медбикелер курстарын ұйымдастырушы және алғашқы оқытушы болды. Бұл кісі білікті маман, белсенді дәрігер және мейірімді жан ретінде байырғы қала тұрғындарының есінде қалды.1934 жылы Әулиеата қаласында алғашқы безгек стансасы ашылып, елеулі жұмыс атқара бастады. Безгек стансасын И.П.Павлов атындағы Мәскеу медициналық институтының түлегі Агния Кириловна Попова-Дюрягина басқарды. Агния басқарған дәрігер-инфекционистер үздіксіз қызмет жасап, эпидемиялық ауруларды жеңу мақсатында көп тер төкті. Олардың арасында, тіпті өз өмірлерін сарп еткендер де болды.

Мысалы, 1934 жылы уезде бөртпе сүзек ауруының эпидемиясы тіркелді. Науқастарды емдеу барысында дәрігер А.К.Паршин, фельдшерлер Г.Агрейтер және А.Волков сол қауіпті жұқпалы ауруларға өздері шалдығып, қайтыс болады. Халық денсаулығын қорғауда ерлікке тең іс атқарған медицина қызметкерлері ел есінде мәңгі қалады.1939 жылы қазан айында Әулиеата уезіне Жамбыл атауы беріліп, жеке облыс болып шаңырақ көтерді. Содан кейін-ақ облыс көлемінде денсаулық сақтау ісіне ерекше көңіл бөлініп, әр жерде жаңа емдеу-профилактикалық мекемелері ашылып, медицина қызметі жандандырылып, оның сандаған салалары кеңейе түсті. Облыстық медицинаның қарашаңырағы – қазіргі облыстық аурухана құрамынан бөлініп, жеке-дара қалалық ауруханалар, перзентхана мен емханалар пайда болды.

Ұлы Отан соғысы жылдары көптеген медицина қызметкері майданға аттанып, соғыс даласында жараланған әскерлерге күн-түн демей медициналық көмек көрсетіп, аянбай еңбек етті. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында жарақат алған солдаттар мен офицерлердің басым көпшілігі қатарға қайта қосылып, жеңіс үшін қан мен тер төкті. Тек бір ғана 1941 жылы облыстың 123 медицина қызметкері әскер қатарына алынды. Соның бірі – Жамбыл облыстық ауруханасының бас дәрігері, хирург Гулам Абдукаримов майданға аттанып, атақты генерал Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия құрамында әскери дәрігер болып борышын атқарды. Дәрігер Нағым Мұқышев 1943-1945 жылдары Батыс және Беларусь майданының медсанбаттарында хирург болып еңбек етіп, майор атағымен соғысты жеңіспен аяқтады. Н.Мұқышев «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальмен наградталды.Дәрігер Сергей Александров та майдан даласында 1943-1945 жылдары қызмет етіп, талай жанды өлімнен құтқарып, дәрігерлік көмек көрсетті.

Медицина қызметкерлерінің соғыс жылдарында қан мен терге малынып көрсеткен ерліктері туралы талай кинофильмдер түсіріліп, повесьтер мен әңгімелер жазылған. Олардың ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайды.Сұрапыл соғыс даласындағы әскери госпитальдарда облысымыздан шақырылған 500-ге жуық медицина қызметкері қажырлы еңбек етті. Олардың басым көпшілігі Мәскеуден Берлинге дейін жетіп, жеңісті сонда қарсы алды. Аты-жөндерін атап өтсек, олар – хирург Н.О.Мұқышев, С.А.Александров, Н.Ф. Голубев, Е.А.Понамаренко, Б.А.Баймұханов, Н.Фирсов, А.П.Капасакалис, А.В.Леонтьев, медбикелер А.Д.Палий-Зеленцова, М.Л.Яременко, А.Н.Анисимова, В.А. Качерга, Е.П. Павличева, Т.А.Радченко, фельдшер Г.К.Ильченко және тағы басқалар.1941 жылдың күзінде Жамбыл, Меркі және Шу стансаларында әскери госпитальдар ұйымдастырылып, майданда жарақаттанған әскерлердің тез айығып, қайта сапқа тұруына көп үлес қосты. Ол госпитальдарда жергілікті медицина орындарының қызметкерлері де еңбек етіп, ауруларды емдеуге жәрдем берді. Тылда тер төккен дәрігерлер мен медбикелердің еңбектері еленіп, біразы мемлекеттік наградаларға ие болды.

Егер мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына қамқорлық көрсетілмесе көптеген қиындық туындайтын еді. 1939 жылы облыстың денсаулық сақтау саласына 6790 мың рубль бөлінсе,1945 жылы 14000 мың рубль қаралды. Облыс бойынша 1939 жылы жалпы стационарлық төсек саны 766 болса, 1945 жылы 1208 төсекке жеткізілді. Ауылдық жердегі дәрігерлік-емдеу орындарының саны 1939 жылы бар болғаны 12 болса, 1945 жылы 27-ні құрады.1946 жылы облыс көлемінде 87 дәрігер, 332 орта буын медицина қызметкері еңбек етті. Ауруханалардағы стационарлық төсек саны 665-ке жетіп, бөлінген қаржы көлемі 15739 мың рубль болды.1947-1950 жылдар аралығында облыстағы емдеу орындарында қайта құру болып, ауруханалар мен емханалар біріктірілді.1948 жылы облыстық аурухана жанынан санитарлық авиация бөлімшесі ашылып, ұшақ арқылы алыс селолар мен ауылдардағы науқастарға медициналық көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік туды. 1990 жылдары санавиация қызметкерлері жылына 500 науқасқа медициналық көмек көрсетті. Тоқырау жылдарында (1991-1999 жылдар) уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты біраз жыл ұшақ ұшпай, көмек автотранспорттар арқылы көрсетілді. Ал 2009 жылдан бастап санитарлық авиация жұмысы қалпына келтіріліп, жұмысы қайта жандандырылды.

Осы орайда облыстық аурухананың көптеген қызметкерінің жоғары кәсіби шеберлігі, адалдығы туралы да айта кеткен жөн. Аға буын хирургтар – Нағым Мұқышев, Николай Пак, Алексей Овсянников, Евгения Константинова, көз дәрігері Тоқтасын Медетбаев, терапевттер Евгения Пономаренко, Галина Иткина, акушер-гинеколог Амина Галеева, аурухананың бас медбикесі Зинаида Бородина секілді майталман мамандардың көпшілігі өмірден озса да қазіргі күнге дейін кәсіптік шеберліктің үлгісі болып келеді.1961 жылы ауруханаға облыстық аурухана деген статус берілді. Содан бері облыс тұрғындарына алдыңғы қатарлы диагностикалық әрі емдеу қызметін өз дәрежесінде көрсетіп келеді.Облыс орталығындағы көптеген емдеу орны уақыт өте келе облыстық аурухана құрамынан бөлініп, жеке аурухана дәрежесіне ие болды. Мысалы, 1961 жылы қазіргі қалалық №1 аурухана жеке шаңырақ көтерсе, 1963 жылы химиктер ауруханасы, 1965 жылы облыстық балалар ауруханасы, 1980 жылдары облыстық офтальмология орталығы, қазіргі диагностикалық орталық жеке емдеу орындары болып бөлініп шықты.1998 жылы облыстық аурухана салтанатты түрде 125 жылдығын атап өтті. Сол жылдары ауруханада 997 қызметкер еңбек ететін. Жыл сайын 14 мыңға жуық науқас стационарлық ем-дом қабылдап, әртүрлі күрделі хирургиялық оталар жасалып, денсаулықтарын түзеп жатты.

 

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар