Жамбыл облысында 139 000–нан астам адам зейнетақы алады
- авторjambylinfo.kz
- 3 ақпан, 2025
- 136

Бұл өзгерістер халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге және олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жыл басынан бергі дерек бойынша облыста ортақ зейнетақы алушылардың жалпы саны 139 181 адамды, базалық зейнетақы алушылардың саны – 132 684 адамды құрайды. Бұл туралы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Аслан Оразбеков Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жыл басынан бері ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға артты, ал ең төменгі зейнетақы 62 771 теңгені құрады. Базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына жетіп, 32 360 теңгені құрады. Ал еңбек өтілі 30 жылдан асатын азаматтар үшін бұл көрсеткіш 50 851 теңгеге дейін өсті.
Әлеуметтік төлемдер де көбейтілді. Бала туылған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері артты: алғашқы үш балаға 149 416 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 247 716 теңге беріледі. Бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы да ұлғайды. Бірінші балаға 22 649 теңге, екіншісіне 26 777 теңге, үшіншісіне 30 867 теңге, ал төртінші және одан көп баласы барларға 34 995 теңге төленеді. Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап бұл жәрдемақы төлеу мерзімі бір жарым жылға дейін ұзартылды. Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері 64 720 теңгеге жетті. Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы төрт бала үшін 63 030 теңгені, бес бала үшін 78 798 теңгені, алты бала үшін 94 565 теңгені, жеті бала үшін 110 332 теңгені құрады. Сегізінші және одан кейінгі әр балаға қосымша 15 728 теңге төленеді.
2024 жылдан бастап зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем алу мүмкіндігі берілді. Төлем төрт түрлі көзден: республикалық бюджеттен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, өмірді сақтандыру компаниясынан және жұмыс берушілердің қаражатынан бөлінеді. Бұл төлем қызметкер зейнетке шыққанға дейін беріледі.
Сонымен қатар, 2023 жылы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына өтемақы төлеу басталды. Енді бұл өтемақыны қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың балалары да ала алады. Жамбыл облысы бойынша қазіргі уақытта 1 559 адамға жалпы сомасы 232 006 651 теңге төленген.
Айта кету керек, Қазақстанда әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында тұрақты түрде жаңартылып, жетілдіріліп келеді.
Бақытжан Бекболат
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз