Жамбыл облысының шалғай ауылында заманауи спорт кешені ашылды
- авторИндира Тәліпқызы
- Бүгін, 09:18
- 97
Қордай ауданына қарасты Қарасай ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, салтанатты түрде ел игілігіне берілді. Жаңа әлеуметтік нысанның ашылуына аудан әкімі Бегзат Болатбеков, ардагер спортшылар мен ауыл тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
- Спорт кешені халыққа қолжетімді болуы тиіс. Нысанның мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, жарыстар мен жаттығулардың ордасына айналдыру - маңызды. Спортшыларға жеңісті, жемісті күндер тілеймін! – деп атап өтті аудан басшысы құттықтау сөзінде.
Қарасайлықтардың атынан Құрманғазы Жетігенов сөз алды.
- Балаларымыздың спортпен тыңғылықты айналысуына жол ашылғанына қуаныштымыз! Мемлекет қолдауына ауыл ақсақалдарының атынан алғыс білдіреміз! – деді ол.
Ғимараттың лентасы қиылған соң қонақтар мекеменің ішін аралап көрді.
Екі қабатты кешен 2 негізгі бөлікті қамтиды. Мұнда футбол манежі, спортзалы және ауыр атлетика, бокс, күрес залы бар. Сонымен қатар киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелер, жаттықтырушылар мен медицина қызметкеріне кабинет қарастырылған.
Айта кетейік, Қордай ауданында 3 спорт мектебі, 2 спорт клубы, 11 спорт кешені бар. Бүгінде аудан тұрғындарының 41 пайызы спортпен тұрақты түрде шұғылданып келеді