Жамбылда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
- авторДиана Орынбасар
- 17 шілде, 2024
- 974
Жамбыл облысында «Мерейлі отбасы» байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Облыста 2014 жылдан бастау алған «Мерейлі отбасы» байқауында бүгінгі күнге дейін 2500-ден астам отбасы қатысқан. Олардың 60%-нан астамы көпбалалы болса, 205-і интернационалдық отбасылар. Аталған шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысты. Аймақ басшысы өз сөзінде ұлттық байқаудың маңыздылығына кеңінен тоқталып, қатысушыларға тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын лайықты жалғастырып келе жатқандары үшін ризашылығын білдірді.
- Биылғы жылы байқауға Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 218 отбасы қатысып, облыстық кезеңге 22 отбасы жолдама алды. Бұл отбасылар – түрлі салада жетістікке жеткен, әулеттің абыройын асырып, ел ішінде құрметке бөленіп отырған берекелі әулеттер. Бүгінгі шараны пайдалана отырып, Сіздерді байқаудың облыстық кезеңімен шын жүректен құттықтаймын!,- деді Ербол Қарашөкеев.
Өңір басшысы бұдан соң «Мерейлі отбасы» байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады. Байқауда Таңатаровтар әулеті топ жарып, өнегелі отбасының озық үлгісін көрсетті.
- Бұл байқауда барлық отбасы жеңіс биігінен көрінді деп есептеймін. Жарасымды сыйластық, бірегей шынайы отбасылық қарым-қатынастарыңыз берік болсын. Біз осы балалардың болашағы үшін ауылды артқа тастап, қалаға келіп едік. Бүгінгі жетіп отырған жетістігіміз осының жемісі деп ойлаймын. Барлығыңыздың шаңырақтарыңызға ырыс-құт, тек жақсылықтар тілеймін,- деп ізгі тілегін айтты Достық Таңатаров.