жұма, 13 желтоқсан, 2024 13:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жастарға жаңашылдық жарасады

Жастарға жаңашылдық жарасады
Фото ашық дереккөз
Жастарды қолдау мәселесі – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Жалпы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қаржылық дағдарыс мемлекеттің жастар саясатымен айналысуына ырық бермегені көптің есінде. Анығы, еліміз етек-жеңін жинағанша жастар мемлекет назарынан тыс қалды. Әйтсе де бұл олқылықтың орнын толтыру 2004 жылы қолға алынып, сол жылы шілде айында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң алғаш рет қабылданды.

Жастарды қолдау мәселесі – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Жалпы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қаржылық дағдарыс мемлекеттің жастар саясатымен айналысуына ырық бермегені көптің есінде. Анығы, еліміз етек-жеңін жинағанша жастар мемлекет назарынан тыс қалды. Әйтсе де бұл олқылықтың орнын толтыру 2004 жылы қолға алынып, сол жылы шілде айында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң алғаш рет қабылданды.

Осы кезден жастарға қатысты қолдаулар кеңінен жүзеге асырыла бастады. Аталған құжат жастардың құқықтарын қорғау, оларды әлеуметтік қолдау, білім беру, жұмыспен қамту және шығармашылық әлеуетін дамыту шараларын реттеуде. Сол үшін де бұл Қазақстандағы жастар саясатының заңды негізін қалыптастырған маңызды құжат болып есептеледі.

Ал 2015 жылы 9 ақпанда «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң өз күшіне енді. Бұл құжатта жастардың жас санаты 14-29 жас деп белгіленген болатын. Бірақ уақыт қажеттілігі бойынша, яғни 2021 жылы аталған заңға тағы да өзгеріс еніп, өрендердің шекті жасы 35 жасқа дейін ұзартылды. Заң жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, волонтерлік қозғалысты дамытуға, білім алу және жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды.

Негізінде жастар саясаты туралы заң алғаш қабылданғаннан кейін әрбір облыс, аудан, қалаларда жастар ресурстық орталықтарын құру, оларды қажетті ғимараттармен және заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету ісі біртіндеп қолға алынды. Бір кездері бұл салада кадр тұрақтылығы қоғамда үлкен мәселе ретінде көтерілсе, бүгінде ол біртіндеп шешімін тауып келеді. Осы ретте тақырыпты тарқатуға Шу аудандық жастар ресурстық орталығы сөзімізге жарқын мысал бола алады. Аталған мекеме 2006 жылы құрылып, бүгінде шулық өрендерге қалтқысыз қызмет етуде. Қазіргі таңда орталықта 39 адам жұмыс істесе, оның ішінде екеуі техникалық қызметкер.

– Бұл ауданда жастар үшін өз алдына бір ғимарат қажет екені рас. Өйткені біздің мекеменің теңгерімінде жеке ғимарат жоқ. Дегенмен бұрнағы жылдың қыркүйек айында аудан әкімдігінің қолдауымен мекемеміз Төле би ауылындағы Шу аудандық білім бөліміне қарасты «Оқушылар сарайының» ғимаратына көшіп барды. Қазіргі таңда ғимарат жастар мен жасөспірімдердің шығармашылықпен айналысуы және түрлі іс-шаралар өткізуі үшін ыңғайлы етіп жабдықталған. Жастардың жұмыс істеу жағдайын жақсарту үшін орталық 2017 жылы «Газель» автокөлігі мен бір жеңіл көлікке ие болды. Бұған қоса кадр тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдың қазан айынан бастап жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, қызметкерлердің жалақысына үстемеақы қосылды. Сол жылы орталыққа жаңа жиһаздар алынып, жағдайымыз айтарлықтай жақсарып қалды. Осы жылы орталықтың техникалық базасын жаңарту мәселесі де назардан тыс қалмады. Жастармен жұмыс істейтін қызметкерлерге, оның ішінде ауылдық округтердегі бөлімшелерге барлығы 25 жаңа компьютер жиынтығы сатып алынды. Бұл заманауи техника жастарға арналған іс шараларды ұйымдастыру мен олардың идеяларын жүзеге асыруда айтарлықтай серпін беруде. Соның арқасында биыл да мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында бірқатар жұмысты еңсердік, – дейді аталған жастар орталығының директоры Ғани Қойбағаров.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, Шу ауданында жалпы тұрғындар саны 106 336 болса, оның 31 201-і 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Бұл жалпы халықтың 29,3 пайызына тең.

Жастар арасында құқықбұзушылық пен заңбұзушылықты болдырмау мақсатында бірқатар тиісті іс-шара атқарылыпты. Атап айтқанда, орталықтың ұйымдастыруымен 130 іс-шара өткізіліп, ол бойынша 2 378 жас қамтылған екен. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 546 жас жұмыссыз ретінде тіркеліп, 2 387 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылыпты. Оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына 1 531 жас орналасса, 250 адам «Жастар тәжірбиесі» бойынша мекемелерге жолдама алған. Әлеуметтік жұмыс орындарына 35 азамат жіберіліп, ақылы қоғамдық жұмыспен 240 жас қамтылған. «Алғашқы жұмыс орнына» – 110, «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша – 3 жас жұмысқа тұрып, «Бастау Бизнес» жобасы аясында 117 адам оқыған. Қайтарымсыз грант алған 25 жас бүгінде өз кәсібін жүргізуді қолға алса, 76 адам қысқамерзімді оқыту курсынан өткен.

Конкурс арқылы 25 жас кәсіпкерге жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие таратылыпты. «Ауыл аманаты» жобасы аясында Жаңақоғам ауылдық округінде 2019-2020 жылдары 35, Жаңа жол ауылдық округінде 2023 жылы 25, 2024 жылы 2 жасқа несие берілген. Осындай қолдауды Көкқайнар ауылдық округінде өткен жылы 22, биыл 7 адам сезінген. Сол секілді Қорағаты ауылдық округінде былтыр 28 адам, биыл 1 азамат жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе, осындай несие Бірлікүстем ауылдық округінде 2022 жылы 35 өренге, 2023 жылы 3 адамға үлестіріліпті.

– Осы жылдың 10 айының қорытындысымен аудандық қорғаныс істері бөлімінде әскери есепте тұрған жастар саны 3 491-ді құрады. Әскер қатарына шақырылған жастардың саны – 636. Ал 167 адам әскер қатарына алынды. Әскери салада келісімшарт бойынша 6 адам еңбек етуде. Әскери патриоттық бағыт бойынша ауданда 62 іс шара өткізіліп, 1 491 жас қамтылды. Бүгінде ауданда барлығы 287 спорт нысаны бар. Денешынықтыру-сауықтыру спорт кешендерінің саны – 4. Оның ішінде екеуі стадион, 71-і спортзал. Тағы осыншамасы футбол алаңы болса, 139-ы спорт алаңшасы. Аудан көлемінде спорт нысандарына тегін кіру үшін арнайы кесте бекітіліп, жастардың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалды. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен спорттық бағытта 100 іс шара өткізіліп, оған 4 899 жас тартылды. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында әлеуметтік сала мамандарын жұмыспен қамтып, ауылда кадр тапшылығын болдырмау мақсатында 10 айдың қорытындысы бойынша 59 маман жеңілдікке ие болды. Оның ішінде 28 жас маман көтерме жәрдемақы алса, 31 маманға бюджеттік несие берілді. Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің 29-ы жоғары білімді болса, бесеуі арнаулы орта оқу орнын бітіргендер. Оның ішінде төртеуі жоғары білім алуда. Уақытша бос жүрген жастармен жұмыс жүргізу барысында әлеуметтік мәртебесі белгісіз 841 жас анықталды. «Отбасы цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде тіркелмеген жұмыссыздарды аудандық мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркеп, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына салығын төлету, зейнетақы қорына тиісті аударымдарды аударту жұмыстары ауылдық округтердің жастар ісі жөніндегі мамандарының адрестік жұмыстар жүргізуімен жүзеге асырылуда. Аталған бағытта тиісті жұмыстарды жүзеге асыру арқылы 649 жастың мәртебесі анықталып, аудандық мансап орталығына арнайы тізімі жасақталып жолдануда. Уақытша бос жүрген жастарға жалпы 49 адрестік жұмыс жүргізілді. Аудан жастары арасында деструктивті діни идеялардың таралуына жол бермеу, радикалданудың алдын алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп, жат ағымнан аулақ болу БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы насихатталуда. Ондағы басты мақсат – жат ағымның зардабын жастардың назарына жеткізу, деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастыру. Бұл тұрғыда орталықтың дін және жастарға қызмет көрсету бөлімі тарапынан әр жылға жылдық жоспар құрылып, соған сәйкес кездесу, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылуда. Жалпы жыл ішінде осындай 64 іс-шара көрініс тауып, ол бойынша 1 517 жас қамтылды, – дейді Ғани Бірлікұлы.

Аталған жастар орталығы директорының орынбасары Нұрзат Қилыбайдың айтуынша, жыл басынан бері волонтерлердің қатысуымен «Қамқор», «Саулық», «Білім», «Асыл мұра», «Үміт», «Сабақтастық» жобалары аясында 746 іс-шара өткізіліп, оған 14 950 адам қатысқан екен.

– Ауданда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда жастар арасында «OILIKE» зияткерлік интеллектуалдық ойыны өтуде. Аталған шара аудан жастары арасында іріктеу түрінде өткізілген болатын. Жастар арасында сұранысқа ие іс-шараның финалдық кезеңі осы айдың 27-сіне жоспарланған болатын. Жарыс нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады. Өткен жылдың қараша айында бастау алған «Футзал» ойынының аудандық біріншілігі сәтті өткізілді. Айтулы шара осы жылдың наурыз айына дейін жалғасып, жеңімпаздар Шу аудандық мәдениет үйінде марапатталды. Сондай-ақ үлкен футболдан аудандық біріншілік ұйымдастырылып, бұл біріншілік бұқаралық спортты дамыту бағытында тұрақты жүзеге асырылып жатыр. Облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері арасында дәстүрлі түрде жетінші мәрте «Салт-дәстүрім – сарқылмайтын байлығым» атты ұлттық ойындар жарысы да жоғары деңгейде көрініс табуда. Айтулы шараның маңыздылығы сол, бұл сайыс мекеменің жылдық жоспарынан түскен емес. Рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары бойынша да жалпы 1 107 іс-шара өтіп, оған 27 795 адам қатысты. Жастар ресурстық орталығының әлеуметтік желідегі «Instagram» парақшасында – 1 907, «Facebook»-те – 1 802, жалпы 3 709 жазба жарияланды. Сонымен қатар облыстық басылымдар мен ақпараттық агенттіктерде мақалалар тұрақты жарық көруде, – дейді Нұрзат Манабекұлы.

Жалпы Шу аудандық жастар ресурстық орталығы бүгінгі буынның әлеуетін қоғам игілігі үшін пайдалану, олардың идеясын іске асыру секілді маңызды істерге мүмкіндік беретін алаң ғана емес, олардың өмірге деген сенімін арттыратын тірек болып отыр. Сондықтан да аталған орталық жастардың болашағына жол ашып, ауданның дамуына өз үлесін қосуда. 

Бөлісу:
Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар