Ұлттық құндылықтарды ұмытпау қашан да өзекті. Осы мақсатта жақында облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті жанынан әйелдер мен жас қыздарға, келіндерге халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың маңыздылығын түсіндіріп, оларды ұстану, бақытты отбасы құрудың құпияларымен бөлісу мақсатында "Әжелер алқасы" құрылған болатын.
Әжелер мектебінің негізінде құрылған кеңес бүгінде жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде қоғамдық институттармен бірлесе жұмыс істеуге дайын. Осыған айрықша көңіл бөлген аймақ басшысы әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртып, ұлттық дәстүрімізді дәріптеуде әжелер алқасының рөлі зор екенін атап өтті. Өйткені, әжелер – халық даналығының сарқылмас қайнар көзі, өскелең ұрпақтың тәрбиешісі.
- Қазіргі таңда тастанды балалар, жастардың ажырасуы көбейіп кетті. Осындай келеңсіздіктерге тосқауыл қою үшін әжелеріміз жас буын-өскелең ұрпақты тәрбиелеп, әрдайым ақыл-кеңестерін айтып отырса, тәрбиелі жастар, ибалы қыздарымыз көбейіп, Отбасы институтын нығайтуға зор әсер ететіні сөзсіз. Сіздерге алғысымыз шексіз. Сіздер сияқты аналарды көрген кезде ерекше қуанамын», – деді аймақ басшысы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Әйел-Қыздар» секторының Жамбыл облысындағы жетекшісі Гүлжан Серікқызы облыстың барлық қала және аудандарында әжелер алқасы құрылғанын хабарлады. Қазіргі таңда алқа құрамында 76 әже бар десек, бүгінге дейін олармен 7 кездесу, 11 іс-шара өткізілген.
Іс-шара соңында Бердібек Сапарбаев қатысушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, әжелерге естелік сыйлықтар табыс етті.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз