жұма, 27 желтоқсан, 2024 4:35

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Өзіңді табу, өзіңді тану – адамдық мұрат

Өзіңді табу, өзіңді тану – адамдық мұрат
ашық дереккөзі
Өзіңді табу, өзіңді тану – адамдық мұрат
  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде «Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?» деген сұрақтарды алға тартып, осыған қатысты ой-пікірін ортаға салған болатын. «Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс», деді Мемлекет басшысы. Әлемдік ғалымдардың айтуынша, «Адам кім?» деген сұраққа нақты жауап беру қиын көрінеді. Өйткені қанша зерттелсе де адамның тылсымын түсіну қиын соққан. Дегенмен біздің бабаларымыз ғалым болмай-ақ адамды бойындағы кісілігіне қарап танып, оның дәрежесін рухани парасаттылығымен өлшеп, бағалаған. Әрине, бұл әкенің қанымен, ананың сүтімен болмысымызға сіңіп, ұрпақтан-ұрпаққа тараған тектіліктің белгісі. Осының әсерінен біздің бойымызға адалдық деген асыл қасиет бойлап, кісінің кісілігін көрсетіп тұратын. Бұл біздің халықтың санасына ұялаған құнды қазынаның бірі еді. Тіпті бүкіл адамзат баласы қызыға қарайтын. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта «Осынау асыл тектілігімізден не себепті қол үзіп бара жатырмыз?» деген сұрақ жанымызды жегідей жеп жүр. Бүгінгідей сананы тұрмыс билеген уақытта бұл жағдайға қанша түсіністікпен қарауға тырысқанымызбен адамзатты адамзат қылып ұстап тұрған мейірім мен мәдениеттілік, адалдық пен парасаттылық емес пе? Иә, қазіргі қазақ қоғамында адалдықтан ада болған адамдардың қарасы қалың. Абай айтқандай, «Жалт бергіш, қайта ойланғыш, арты айналғыш», яғни уәдеден тайып тұру, алдау-арбау сынды жағымсыз қылықтарды бойына сіңіргендерді көріп қынжылатынымызды да жасыра алмаймыз. «Бұл жаман әдет қазақ жастарының бойына қайдан кіріп жүр?» деген сауалдарға өзімізше жауап іздеп, батыс мәдениетіне барып тіреп қоямыз. Меніңше, бұл дұрыс пайымдау емес. Қазақта «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар емес пе? Айналып келгенде бәрі де отбасы тәрбиесіне барып тіреледі. Бұрын ХХ ғасырға дейін қазақ даласын зерттеуге келген зерттеушілер: «Өте ірі тағдырлы істер тек қана уәдемен шешіле береді екен бұл далада» деп таңғалыпты. Демек, бабаларымыз уәдеге өте берік болған. Бұл адалдықтың белгісі емес пе?! Расында, қазір уәдеде тұрмайтын, жауапкершілігі төмен жандар баршылық. Оны күнде қасымыздан да көріп жүргенімізді жоққа шығара алмаймыз. Әрине, бұл өткен ғасырдағы отаршылдық саясатының «жемісі». Ал бүгінде егеменді ел болғанымызға ширек ғасырдан асып барады. Бұған да шүкіршілік. Жоғалғанымызды тауып, өшкенімізді жаңғыртып жатырмыз. Тіпті кешегі кеңес дәуірінің солақай саясатының салдарынан қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларымызды тарих төріне шығарудамыз. Бірақ адалдық, парасаттылыққа келгенде осалдық танытып келеміз. Неге? Тағы да сол тәрбиеден. Қазақ айтады: «Әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмас» деп. Расында да саналы кісі ұғатындай өте салиқалы пікір. Ал біз бүгінде ізімізді басқан атұстар ұрпақтарымызға қандай тәрбие беріп келеміз? Сонау ХІХ ғасырда ұлы саяхатшы, ғалым, этнограф П.Сменов-Тян-Шанский: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері тұнып тұрған білім!» деп таңғалған. Ал енді ойлап қараңыздаршы, текті бабаларымыз ұстанған осындай ұлттық салт-дәстүрлерімізді қайсымыз ұл-қыздарымызға айтып, үйретіп жатырмыз? Бабалардан қалған өсиетнамалары мен асыл сөздерін бүгінгі балалардың құлағына қайсымыз құйып жүрміз? Бәрін үйрете алмасақ та, адалдық пен адамдыққа жақын қасиеттерді үйретуімізге, санасына жете айтып отыруымызға не кедергі? Осы біздер күнделікті күйбең тіршіліктен аса алмаймыз деп ақталып, өз болашағымыздың тамырына балта шауып жатқан жоқпыз ба? Сонау өткен тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, Көне Египет папирусына жазылған, ел басқарған азаматтардың анты ретінде айтылған мынадай асыл сөздер бар деседі: Мен жас сәбидің аузынан сүтін тартып алмаймын. Мен ағын суды бөгемеймін. Мен біреуді өлтіруге бұйрық бермеймін. Мен біреудің көз жасына қалмаймын. Мен әлсіздерге қол көтермеймін. Мен таразыдан жемеймін. Мұсылман шариғатында да осы тектес өсиеттер бар. «Суды бөгемеймін» дегені – табиғатты тонамаймын, жаратылысты жарақаттамаймын дегені. «Таразыдан жемеймін» дегені – халықтың несібесін ұрламаймын, қолым таза, жүрегім ақ дегені. Міне, біз де ертеңгі өскелең жас буынды бабамыздың текті қанымен, анамыздың ақ сүтімен дарыған ұлттық құндылықтарымызбен және жоғарыдағы Көне Египет папирусына жазылған өсиеттей адалдықпен тәрбиелесек, әрине, үлкен жетістік болар еді. Өйткені жас ұрпақтарымыз ертең ұлық болғандарында осы өсиеттерімен халық алдында ант берсе, осы жолмен жүрсе, егеменді еліміздің ертеңіне мәңгі сеніммен қарар еді. Біздер әрдайым өз үйімізде болсын, өзге ортада болсын соңымыздан ерген ұрпақтарымызға арамдық, алауыздық, жемқорлық пен парақорлық, рушылдық сияқты жағымсыз істердің бәрі әділетсіздіктің батпағына батыратынын жиі ескертіп отырғанымыз жөн деп білемін. Сондай-ақ балаларымызға кісіні дүниесіне немесе руына, ататегіне емес, ақыл-парасатына, адалдығына, білімділігіне, мәдениеттілігіне қарап бағалауды жиі естеріне салып отыруымыз қажет. Өйткені саналы кісі адамды материалдық деңгейімен емес, адамшылдығымен өлшейді. Елімізді парақорлықтан, жемқорлық пен жалақорлықтан, алауыздықтан, санасыз, тәрбиесіз ұрпақтан Жаратқан сақтасын. Бізге, яғни келешек жас ұрпаққа мықты тәрбие, ұлтымызға бірлік керек. Жас ұрпақтың жат қылықтарға, яғни арамдық пен әділетсіздікке, парақорлық пен жемқорлыққа үйір болмауы үшін қазақ халқының даңқты перзенті Бауыржан Момышұлы: «Ұра берсең ұлың сенің жасқанады, Жасқаншақты басынады басқалары. Қол көтермей тәрбиелесең ақыл айтып, Ақылымен ертең елді басқарады. Ала білсін өмірінен бар тынысты, Үйрете түс: Сабыр, шыдам, талпынысты. Ең бастысы – иманына көңіл бөлгін, Өссін десең, өз ұрпағың жарқын, күшті. Еңбегімен жүрсін ұлың баға алып, Ақыл-оймен өзгелерден дараланып. Көтерілсе өзіндейді бағалайды, Отырмайды: пара беріп, пара алып…», деп тамаша өсиет қалдырған. Қазақ ұлтының мүддесі үшін басы айдауда, бармағы шайнауда кеткен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлды ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болады», «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деп бекер айтпаған. Сондықтан да құрметті отағалары мен отаналары, ұрпақ тәрбиесінің тоқсан пайызы ата-ана мойнында екенін естен шығармағандарыңыз абзал. Ұлдарыңыз өздеріңізден озатын болсын, қыздарыңыз сіздерге қарап өмірлік бақытын табатын болсын!
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар