сәрсенбі, 7 мамыр, 2025 9:26

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Алматыда өткен марафон кезінде екі қатысушы көз жұмды

Алматыда өткен марафон кезінде екі қатысушы көз жұмды
Pixabay.com
2025 жылдың 20 сәуірде өткен Almaty Half Marathon жарысында екі адам – 84 жастағы Аққоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади қайтыс болды. Екеуі де 21,1 шақырымдық жартылай марафонға қатысып жатқан. Олар бұған дейін де Алматыдағы түрлі жүгіру сайыстарына тұрақты түрде қатысып жүрген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық тиісті қызметтер – медицина, жедел жәрдем мен полиция дер кезінде әрекет еткен. Алайда барлық шараларға қарамастан, олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Бұл туралы «Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қоры мәлімдеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жарыс парктен бастап (Тұңғыш Президент саябағы – ред.), Орталық стадионға дейінгі бағытта таңертең өткен. Аққоян Рсалиев 2021 жылдан бері 21,1 және 10 шақырымдық қашықтықтарға бірнеше рет жүгіріп шыққан тәжірибелі қатысушы болатын. Бүгін жарыстың алғашқы шақырымында – әл-Фараби даңғылының бойында өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Жедел жәрдем бір минут ішінде жеткенімен, ол кезде тамыр соғысы болмаған.

«Сағат 8:15-те полиция қызметкерлері қатысушының құлағанын хабарлады. Жедел жәрдем дереу жетіп, реанимация шаралары хаттамаға сәйкес жүргізілді. Алдын ала болжам – өкпе артериясына тромбоэмболия. Бұрыннан артериялық гипертензия диагнозы болған», – деді 2/51 бригадасының дәрігері Әлібек Хожаназаров.

Екінші көз жұмған – Нұрбол Ахмади. Бұған дейін ол 2025 жылғы Winter Run жарысында 10 шақырымға жүгіріп шыққан. Сондай-ақ, Астана мен Алматыда өтетін жартылай марафондарға және толық марафонға тіркеліп үлгерген. Бүгін Алматыдағы жарыс кезінде, 16-шақырымда есінен танып қалған. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер реанимация жасағанымен, нәтиже болмады – ол жедел жәрдем жеткенге дейін жан тәсілім еткен.

«Біз оқиға орнына 9:18-де жеттік. Ұйқы артериясында тамыр соғысы болмады, дем алуы жоқ, қан қысымы – нөл. Хаттамаға сай реанимациялық шаралар жасалды. Бірақ нәтиже бермеді. Алдын ала болжам бойынша – өкпе артериясына тромбоэмболия, жүректің жіті жеткіліксіздігі», – деді 8/58 бригадасының дәрігері Айгерім Есдәулетова.

Дәрігерлердің айтуынша, нақты себеп сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады. Қорытындысы жақын күндері марқұмдардың туыстарына жеткізіледі.

«Бірінші болуға батылдық» қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева қауіпсіздік – ұйымдастырушылар үшін басты назарда екенін айтты.

«Жарысқа тіркелу кезінде әрбір қатысушы өз денсаулығына жауапты екенін және жарысқа физикалық тұрғыда дайын екенін растайтын құжатқа қол қояды. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар қалыпты талап. Жыл бойы біз тегін жаттығулар мен қауіпсіз жүгіру жайында дәрістер өткіземіз. Жарыс күні әрбір су бекетінде алғашқы көмек көрсетуге қажетті құрал-жабдықтар мен медицина қызметкерлері болады. Барлық бағыттар алдын ала мұқият әзірленіп, полиция мен медицина қызметтерімен келісілген», – деді ол.

Қор марқұмдардың отбасыларына көңіл айтып, материалдық көмек көрсететінін хабарлады.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар