бейсенбі, 8 қаңтар, 2026 3:21

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

АҚШ-та Венесуэла президентінің ісі бойынша алғашқы сот отырысы өтті

АҚШ-та Венесуэла президентінің ісі бойынша алғашқы сот отырысы өтті
Фото: Eduardo Munoz/REUTERS
Сот залында олар өздеріне тағылған айыптарды толықтай жоққа шығарып, кінәсіз екенін мәлімдеді.

Нью-Йоркте Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флореске қатысты алғашқы сот отырысы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz DW.com-ға сілтеме жасап.

Сот залында олар өздеріне тағылған айыптарды толықтай жоққа шығарып, кінәсіз екенін мәлімдеді.

"Мен кінәлі емеспін. Мен – адал адаммын, әрі өз елімнің заңды президенті болып қала беремін", – деді Николас Мадуро сотта сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ ол өзін «әскери тұтқын» деп атады.

Айыпталушылар сот залына түрме киімінде жеткізіліп, аударма үшін арнайы құлаққаптарды қолданды.

Сот залында Силия Флорес өзін Венесуэланың бірінші ханымы деп атап, тағылған айыптарды мойындамайтынын айтты.

Келесі сот отырысы 17 наурызға белгіленген. Сол уақытқа дейін Мадуро мен оның жұбайы Нью-Йоркте қамауда болады. 

Николас Мадуроның қорғаушылары оның тұтқындалуы заңсыз екенін дәлелдеуге тырысады деп күтілуде. Өйткені ол егемен мемлекеттің басшысы ретінде иммунитетке ие деп санайды.

Алайда АҚШ билігі оны Венесуэланың президенті ретінде мойындамайды.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Венесуэланың экс-президентіне қатысты негізгі сот тыңдаулары 2027 жылға дейін басталмауы мүмкін. Алдымен судья дәлелдермен алмасу және өтініштерді қарау тәртібін айқындайтын алдын ала кестені бекітуі тиіс.

CBS News ақпаратына сәйкес, алғашқы сот отырысында Мадуроның адвокаты ретінде Барри Поллак сөз сөйледі. Ол бұған дейін WikiLeaks жобасының негізін қалаған Джулиан Ассанждың мүддесін қорғаған. Силия Флорестің адвокаты Марк Доннелли болды. Сот отырысында қорғаушылар ерлі-зайыптыларды бүгінде кепілмен босатуды сұрамайтынын жеткізді. 

3 қаңтар күні әскери операция аясында Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флоресті АҚШ-тың "Дельта" арнайы жасақ бөлімшесі ұстап, Венесуэладан әкеткен болатын. Бастапқыда олар АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Гуантанамо базасына, кейін Нью-Йоркке жеткізілді. Вашингтон Николас Мадуроны есірткі терроризміне қатысы бар деген пікірде. Сондай-ақ ол бірнеше баптар бойынша айыпталып отыр.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар