сейсенбі, 28 сәуір, 2026 12:56

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Аптаптың әсері күшейді: ауыл шаруашылығы саласы жаңа сынаққа тап болды

Аптаптың әсері күшейді: ауыл шаруашылығы саласы жаңа сынаққа тап болды
istockphoto.com
Шамадан тыс ыстық салдарынан әлемдегі азық-түлік жүйесі үлкен қауіпке ұшырап отыр.

БҰҰ сарапшыларының айтуынша, аптап ыстық фермерлердің далада жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, малға кері әсер етіп, егін өнімділігін төмендетуде, деп хабарлайды Jambylinfo.kz The Guardian-ға сілтеме жасап.

Бұл өз кезегінде миллиардтан астам адамның күнкөрісіне қауіп төндіруі мүмкін.

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) мен Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (WMO) бірлесіп әзірлеген баяндамада кейбір өңірлерде азық-түлік өндірісі «шегіне жеткені» айтылған. Әсіресе, құрлықта да, теңізде де жиілеп, күшейіп келе жатқан ыстық толқындары жағдайды күрделендіріп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, Үндістан, Оңтүстік Азия, тропикалық Африка мен Орталық және Оңтүстік Американың кей бөліктерінде фермерлер жылына 250 күнге дейін далада қауіпсіз жұмыс істей алмауы мүмкін.

Қазірдің өзінде мал арасында өлім-жітім көбейіп келеді. Өйткені көптеген жануарлар үшін 25 градус шамасынан бастап жылу стрессі байқалады. Қатты ыстық сиыр сүтінің көлемін азайтып қана қоймай, оның майлылығы мен ақуыз құрамын да төмендетеді. Ал шошқа мен тауық сияқты жануарлар терлей алмайтындықтан, жоғары температура олардың ағзасына ауыр соққы болып тиеді — ас қорыту жүйесі бұзылып, тіпті жүрек-қан тамырлары қызметі істен шығуы мүмкін.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының басым бөлігі үшін 30 градустан жоғары температурада өнім төмендей бастайды. Бұл кезде өсімдіктердің жасуша қабырғалары әлсіреп, уытты заттар түзілуі мүмкін. Кей өңірлерде жүгері өнімділігі шамамен 10%-ға азайған, ал бидай да соған жуық деңгейде төмендеген. Температура индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,5 градусқа артқан сайын бұл көрсеткіш одан әрі құлдырауы ықтимал.

Мұхиттардағы ыстық толқындар да балықтарға қауіп төндіруде. Су қызған сайын ондағы оттегі азайып, балықтардың жаппай қырылуына әкелуі мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, аптап ыстықты алдын ала болжауға болатындықтан, фермерлерді дер кезінде ескерту жүйесін күшейту қажет. Ол үшін ауа райы болжамдары мен мобильді байланыс құралдарын тиімді пайдалануға болады.

Дүниежүзілік ресурстар институтының ауыл шаруашылығы жөніндегі бастамалар директоры Ричард Уэйттің пікірінше, климаттың өзгеруіне бейімделуді қазірден бастау маңызды. Егер бейімделу шаралары қолға алынбаса, аптап ыстық егін мен мал өнімділігін төмендетіп, өндірісті сақтау үшін жаңа жерлерді игеруге мәжбүр етеді. Бұл өз кезегінде парниктік газдардың көбеюіне әкеліп, жағдайды одан әрі ушықтырады.

Ал La Via Campesina ұйымының үйлестірушісі Морган Оди ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін адамдардың өмірі үлкен қауіпке ұшырап отырғанын айтады. Оның сөзінше, әсіресе әйелдер мен егде жастағы адамдар аптап ыстыққа осал келеді. Ол сондай-ақ мұндай жағдайлар көбіне өндірістік ауыл шаруашылығы жүйесінің қоршаған ортаға тигізетін зиянымен байланысты екенін атап өтті.

Сарапшылар ауыл шаруашылығын әртараптандыру, табиғатқа жақын әдістерді енгізу және жаңартылатын энергия көздеріне көшу қажеттігін алға тартады. Өйткені климат өзгерісінің әсері тек ыстық аймақтармен шектелмей, бүкіл әлемге таралуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, климаттық өзгерістер азық-түлік бағасына, жеткізу тізбектеріне және жалпы экономикаға тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл мәселені тек бейімделу арқылы емес, оның негізгі себептерін жою арқылы шешу қажет.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар