Атамзаманғы аю
Қазақтардың қайта-қайта алдын орап «қатырып» кеткен саха ағайындарға «жыным» келіп отырғанын қарашы. Неге дейсіздер ғой...
Анау жылы Саха елінің саңлақ режиссері Сергей Потаповпен сұхбаттасқанда Якутияның жер көлемі Қазақстаннан ептеп үлкендеу екенін естіп есімізден «танып» қала жаздағанымыз бар еді. Әрине, олардың егін егуге, мал жаюға жарамайтын ақ қар, көк мұзы көп екенін алға тартып, уәж айтқан болдық. Әйтсе де, көңіліміздің құлазып қалғанын жасырып қайтейік.
Енді міне, екінші қайтара «тауымыз шағылып» тұр. Алтайдағы Берелден қазып алынған екі мың жылдық жылқыны едәуір малданып, мақтанып жүруші едік. Кешелі-бүгін алпауыт ақпарат құралдары Якутия аумағынан Еуразияның апайтөс даласында өсіп-өніп, осыдан он бес мың жыл бұрын өлген аю табылғанын және мұның әлемде теңдесі жоқ жаңалық екенін жарияға жеткізді. Ең қызығы, Солтүстік мұзды мұхит пен Лаптев және Шығыс Сібір теңіздерінің арасындағы архипелагта бұғы өсіруші бақташылар кездейсоқ кездестірген бұл мақұлық өлексесі бұзылмаған қалпында сақталған көрінеді. Қылы қисаймаған, қаңқасы қаусамаған, еті езілмеген, ішек-қарны ірімеген. Жабайы аңның жас мөлшерін ғалымдар арнайы сарапханада анықтамақ.
«Төрткүл дүниені төңкеріп тастағандай бұл оқиғаның маңызы орасан зор. Суретке қарап-ақ, жәдігер жануардың тіпті мұрнына дейін бұзылмағанын байқауға болады. Бұрын қаңқа, сүйек секілді жекелеген дене мүшелері анда-мұнда ұшырасып қалатын. Бұл жолы бұрын-соңды кездеспеген мол олжаға кенелдік», дейді, «Молекулалық палентология» зертханасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Лена Григорьева.
Тоқсан толғаулы зерттеу жұмыстарының тобықтай түйінін халықаралық дәрежедегі ғұлама ғалымдар айтатын болар.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Өткен тәулікте 65 адамнан коронавирус анықталды
Ұқсас жаңалықтар
Әлемде
Жасанды интеллект: Қазақстан 50 озық елдің қатарына енді
- авторМағжан Орынбасар
- 7 қараша, 2024