сәрсенбі, 11 ақпан, 2026 14:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бұрынғы одақтас елде алапат дағдарыс басталды

Бұрынғы одақтас елде алапат дағдарыс басталды
Фото: ЖИ
Елде азық-түлік, отын, дәрі-дәрмек және басқасы бойынша жан түршігерлік тапшылық туындап, гуманитарлық дағдарыс өршуде.

Кезінде айдынынан айбын, айбарынан от ескен "Еркіндік аралының" бүгінгі сиқы – жетім босағаның күйі. Өткен ғасырдан "революция" деген рухты ұранды таяныш еткен Гавананың коммунистік билігі жаңа дәуір табалдырығында өз түбіне өзі жеткелі тұрғандай, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Эмигранттар дәмесі

Революциядан бері 67 жыл өткенде Кубадағы коммунистік үкімет Вашингтонның әрекеттері салдарынан 2026 жылы ыдырауы мүмкін. Бұл туралы АҚШ Президенті Дональд Трамп әкімшілігіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап, The New York Times (NYT) жазды. Ақ үйдегі дереккөздерінің хабарлауынша, Трамп әкімшілігінің "тұншықтыру" стратегиясы өз жемісін бере бастаған сыңайлы: аралда азық-түлік түгіл, үміттің өзі тапшы.

Politico деректеріне сәйкес, осы қысым саясатының басты идеологы – Американың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио. Ол – кезінде билік тізгіні коммунистерге көшкен соң аралды тастай қашуға мәжбүр болған кубалық эмигранттың ұлы. Сондықтан Гаванадағы режимді ауыстыру ол үшін – геосаясат қана емес, ата-бабасының кегін қайтару, жеке реванш. Рубио тіпті штаттардағы өзінің саяси мансабын көп жағдайда ата-бабасының аралын коммунизмнен азат ету уәдесіне құрды.

АҚШ Мемхатшысы Гаванадағы билік басындағыларға босаңсымауға кеңес берді. "Егер мен кубалық Үкіметтің мүшесі болсам, алаңдар едім", – деп емексітті Рубио NBC News-ке сұхбатында. Әйтсе де, мұның астары нені білдіретінін жариялаудан, Кубаға қатысты АҚШ жоспарларының егжей-тегжейін талқылаудан бас тартты.

Кубаның үстінен қара бұлттар үйірілгені туралы ойды кубалық эмиграция жетекшілерінің бірі Марсель Фелипе өрбіте түсті. Оның мәліметінше, АҚШ үкіметі "Куба 2026 жылдың соңына дейін еркін елге айналады" деген шешім қабылдаған.

Америкалық дипломаттармен өткен кездесуден кейін Фелипе осыған бағытталған іс-қимыл жоспардың "әлдеқашан іске қосылғанын" мәлімдеді. Алайда мұндай мәлімдемелер, әдетте, Вашингтонның құпия жоспарларынан гөрі эмигранттық ортадағы үміттерден сыр шертеді. Шетелде жүріп Отанына қатысты "тағдыршешті" шешімдер қабылдау – еріккен эмигранттық ортаның ескі "дерті".

Бірақ бұл жолғы америкалық жаңа санкциялар шынымен аралдың экономикалық шынайылығын түбегейлі өзгертіп жатыр. Вашингтонның соққысы Гавананың әлсіз иығына тым ауыр тиюде. Енді Гавана Мексикадан келетін соңғы "гуманитарлық" мұнай жеткізілімдерінен де айырылды. Оның алдында Венесуэлада Мадуроның биліктен құлатылуы ең басты энергетикалық арнаны жапқан еді, дейді NYT.

Соңғы бірнеше айда Венесуэла Кубаға күн сайын 35 мыңдай баррель мұнайды арзанға жеткізіп тұрды. Оны америкалық тарап тыйып тастады. АҚШ-қа қарсы шығуға Каракастағы жаңа биліктің батылы жетпеді.

Куба әзірге жаңа отын жеткізушілерді таба алған жоқ: ресейлік мұнай соңғы рет былтырғы күзде жеткізілсе, алжирлік мұнай одан ертеректе тоқтаған. Трамптың "бұл жаққа мұнай тасығанға санкция саламын!" деген айбарынан кейін Гавананың кешегі "достары" тым-тырыс қалды. Саясатта мәңгілік достық жоқ, тек мәңгілік мүдде (және санкциядан қорыққан жан сауғасы) ғана бар екенін коммунистер кеш түсінді.

"Жарқын" төңкерістің қараңғы қапасы

Салдарынан, Куба "қара құрдымға" құлап барады. Бүгінгі Куба – жарықсыз жадау өлке. Өйткені энергетика тек электр шамы емес, ол – асханадағы ас, дүкендегі нан, өлкедегі өнеркәсіп екенін кубалық шенеуніктер енді ұққандай. NYT Куба үкіметіндегі дереккөздеріне сілтеп, кубалық шенеуніктердің қатты алаңдап отырғанын мәлім етті. Олар мұның уақытша қиындық еместігін, "коммунистік биліктің ақыры" таяп қалғанын түсінеді.

"АҚШ-тың Кубаға қатысты "тұншықтырушы қысымы" күшейді. Бұл елге шетелден мұнай жеткізілімдерін доғарған Трамп әкімшілігі 2026 жыл Кубадағы коммунистік революция үстемдік еткен соңғы жыл болады деген сенімде. Трамп мырза Кубаны мұнайға қолжетімділіктен айырды, сондай-ақ жалғыз валюта қайнарына – туризм саласына күйрете соққы берді. Вашингтон кубалық биліктің соңғы күні таяғанын мәлімдеді", – деп назар аудартты америкалық басылым.

Кубаның түкпір-түкпірінде электр энергиясы кезекпен өшіріліп жатыр. Бұл қарапайым кубалықтардың өмірін "тозаққа" айналдырғандай: сенімді электр қуатынсыз қалған ауыл-қалалар, тоңазытқыштарда шіріген азық-түлік, аптап ыстықта жұмыс істемейтін желдеткіштер мен кондиционерлер, қаптаған маса және жиналмай жатқан қоқыс үйінділері – "Бостандық аралының" қазіргі көрінісі осындай.

Аралда маса арқылы таралатын аурулар жаппай өршуде: көптеген адам денге және чикунгунья безгегіне шалдыққан. Бір кездері революцияның жауһары, елдің мақтанышы саналған Кубаның денсаулық сақтау жүйесі (қазақстандықтар да ол жаққа емделуге барушы еді) мұндай ауыр жүктемеге төтеп бере алмады.

Энергетикалық дағдарыс аясында Куба авиакомпанияларға авиациялық отынның таусылғанын ескертті, деп хабарлайды Efe агенттігі. Гаванадағы Хосе Марти атындағы халықаралық әуежай таратқан NOTAM хабарламасына сәйкес, елдегі 9 халықаралық әуежайда кемінде бір ай бойы – 10 ақпаннан 11 наурызға дейін отын мүлде болмайды. Тек өз багында кері қайтуына керосині бар алып ұшақтар ғана қабылданады. Бұл дағдарыстың да себебі – АҚШ енгізген мұнай блокадасы.

"Отынның жоқтығы әуе компанияларын көршілес елдерде техникалық мақсатта қонып, жанармай құйып алуға немесе Кубаға рейстерден мүлде бас тартуға мәжбүрлеп отыр. Таяу уақытта Кубамен әуе қатынасы толықтай үзілуі мүмкін", – деп түсіндіреді Mondiara газеті.

Қазірдің өзінде аралда мыңдаған турист қалып қойды. Әсіресе, ресейліктер қатты зардап шекті: Кубаға көршінің бірден үш әуе компаниясы ұшатын. АТОР туристік қауымдастығының бағалауынша, аралда 4700-ге дейін ресейлік турист қалды. Олардың бірнешеуі Shot арнасына ресейлік туристерді "жөндеу жұмыстары" деген желеумен бес жұлдызды үлкен қонақүйлерден далаға қуып жатқанын хабарлады. Тұру құнына өтемақы жасалмайды. Қауымдастық көптеген қонақүйлердің кубалық курорттарда уақытша жұмысын тоқтатқанын ескертті.

Дағдарыстың тереңдеуіне жауап ретінде өткен жұма күні Куба билігі аурухана және басқа өмірлік маңызды қызметтерді сақтап қалуға және экономиканың негізгі секторлары үшін отын жеткізілімін нормалауға бағытталған қатаң үнемдеу жоспарын ұсынды. Жоспарға азаматтарға отын сатуды шектеу, туристік нысандарды жабу, білім ұйымдарында оқу күндерін қысқарту, мемлекеттік компанияларды төрт күндік жұмыс аптасына көшіру және басқа шаралар кіреді.

Күйзеліс – Кубада, ТЖ – Америкада

Дональд Трамп Кубаға байланысты АҚШ-та төтенше жағдай режимін жариялады. 2026 жылғы 29 қаңтарда Ақ үй сайтында Президенттің ТЖ енгізу туралы жарлығы жарияланды. Құжатта Куба ұлттық қауіпсіздікке қатер ретінде аталады және "терроризмді қолдайды, Батыс жартышарда коммунистік идеологияны таратты" деп негізсіз айыпталды.

Американист Павел Дубравскийдің түсіндіруінше, ТЖ режимі – Президентке Конгрестің келісімін алу сияқты күрделі рәсімдерді және сот арқылы шешімінің күшін жойғызу сияқты тәуекелдерді айналып өтіп, Кубаға қарсы еркін әрекет етуге мүмкіндік беретін құқықтық құрал.

Сонымен қатар бұл АҚШ одақтастарына арналған саяси сигнал: енді Кубамен ынтымақтастық санкцияларға соқтырады. "Төтенше қауіп" деген айқындауыш Кубаны сыртқы саясаттағы қарсыластан АҚШ қауіпсіздігіне экзистенциялық қатер төндіретін күш деңгейіне көтерді.

Қаңтардың басынан бері Дональд Трамп бірнеше рет кубалық билікке ашық түрде қоқан-лоққы жасап, билікті ауыстыруы мүмкін екенін меңзеді. Венесуэладағы операциядан кейін ол: "Кубаға әскери басқыншылық қажет болмауы мүмкін, себебі ол өздігінен-ақ құлайды" деп мәлімдеді.

"Куба күйрегелі тұр. Режим қалай болса да аман қалуға тырысар, бірақ Кубаның ешқандай табыс көзі қалмады. Барлық табысты олар Венесуэладан, венесуэлалық мұнайдан алып келді", – деді Трамп.

Кейінірек ол АҚШ-тың қысым жасау құралдарын тауысқанын, енді тек тікелей күш қолданудан басқа амал қалмағанын тұспалдады.

Кубаның сыртқы істер министрі Бруно Родригес Паррилья Вашингтонның бұл әрекеттерін "ең қатаң түрде айыптайтынын" мәлімдеді, оны бопсалау және зорлық көрсету деп бағалады.

Euronews хабарлауынша, Мадуро биліктен кеткен соң Куба басты одақтасынан айырылып, жалғыз қалды және ауқымы алапат экономикалық күйзеліс өрістейді деп шын қауіптеніп отыр. 

"Мадуроны ұрлап алу операциясы кесірінен Венесуэладан кейінгі зардап шеккен екінші ел – Куба. Гавана Каракаста 32 кубалық азаматы – Куба қарулы күштерінің және барлау қызметінің әскери қызметкерлері қаза тапқанын хабарлады. Ел негізгі саяси одақтасынан ғана емес, проблемалы экономикасының тірегінен айырылды. Вашингтонның келесі нысанасы өзі екенін сезеді", – деп жазды Euronews.

Одақтас елдер сонау 1999 жылдан бері "мемлекеттік социализмге" негізделген ортақ саяси көзқарасты ұстанып келді. Сол жылы Венесуэланың президенттікке үміткері Уго Чавес Гавана әуежайының ұшу-қону жолағында Куба революциясының қарт көсемі Фидель Кастромен кездескен еді.

Кейінгі жылдары олардың өзара байланысы тек нығая түсті: венесуэлалық мұнай коммунистер басқарған аралға арзан, кейде тегін берілді. Айырбас ретінде Каракасқа кубалық дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жіберілді. Ақырында кубалық шенеуніктер Венесуэланың барлау аппаратындағы маңызды лауазымдарды жаппай иеленді.

Бертінде Чавестің орнына билік басына қарапайым автобус жүргізушісі, Кубада дайындықтан өтіп, тәлім алған Мадуро келді. Ол Кастро ағайындыларына қолайлы кандидат болғандықтан таңдалды: кубалық және венесуэлалық революцияның сабақтастығын бейнеледі. Алайда оны 2026 жылғы 3 қаңтарда АҚШ-тың элиталық жасағы ұстап, байлап-матап әкетіп, биліктен айырылды.

Тіпті АҚШ жайына қалдырғанның өзінде, Венесуэласыз "Еркіндік аралының" болашағы барған сайын бұлыңғыр бола түседі, дейді BBC. Өйткені оның мұнайынсыз Куба "қырғи-қабақ соғыстан" бергі ең ауыр экономикалық дағдарысқа тап болды.

Бұған дейін де жағдайы мәз емес еді. Соңғы жылдары ел экономикасы шамамен минус 4%-ға кеміді. Тек 2025 жылдың өзінде – минус 1,5%-ға кері кетті. Инфляция 20%-дан асып, қымбатшылық жайлады. Азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті тауарлардың тапшылығы ушықты.

"Экономикалық тұрғыдан алғанда, Куба барлық инвестициясын туризмге шоғырландырамын деп, бармақ тістеді. Енді сол үшін өте қымбат баға төлеп отыр. Себебі, туризм – тыныштықты, бейбітшілікті сүйеді, кез келген дағдарыс пен саяси тұрақсыздыққа аса сезімтал сала", – дейді Германиядағы Жаһандық және аймақтық зерттеулер институтының саясаттанушысы Берт Хоффманн.

Соңғы күндері Кубадағы АҚШ елшілігі алдында наразылық акциялары өтуде. Билік мұны "Американың агрессиясына" қарсы халықтың ашу-ызасы ретінде көрсетті. Бұл авторитарлық режимдер үшін үйреншікті көрініс: халық көшбасшысының айналасында топтасады, қоғамды сыртқы жау біріктіреді.

Тұрмыстың титықтауына, өмірдің нашарлауына жауапкершілік ұқыпты түрде ұлттық юрисдикциядан тысқары шығарылады, өзгеге таңылады. Саяси технология тұрғысынан бұл – стандартты және әлі күнге жұмыс істеп тұрған тәсіл. Бірақ "Еркіндік аралы" еркіндіктен бұрын, ертеңгі нәпақасын уайымдайтын күйге түсті. Кастроның ескі идеологиясы Трамптың санкцияларына қанша уақыт төтеп берерін уақыт көрсетеді.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар