Әли Лариджани Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің бас хатшысы Тегеранның Вашингтонмен келіссөздерді қайта жандандыруға ниетті деген ақпаратты теріске шығарды. Бұл жөнінде Анадолы агенттігі мәлімдеді.
Лариджани өз мәлімдемесін X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған. Ол The Wall Street Journal басылымында шыққан материалға сілтеме жасап, онда айтылған «Оман арқылы АҚШ-пен келіссөзді қайта бастау туралы ұсыныс жасалды» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Біз Америка Құрама Штаттарымен келіссөз жүргізбейміз», – деді ол.
Сонымен қатар, Лариджани АҚШ президенті Дональд Трамптің Иранға қатысты пікірлеріне жауап берді. Оның сөзінше, Трамп америкалық әскери қызметкерлердің шығынына алаңдаушылық білдіріп отыр.
«Ол өзінің “Алдымен Америка” деген ұранын іс жүзінде “Алдымен Израиль” дегенге ауыстырды. Израильдің мүддесі үшін америкалық сарбаздарды қауіпке тікті», – деді ирандық шенеунік.
Бұған қоса, ол Таяу Шығыста орналасқан АҚШ әскери нысандарына қатысты да ойын айтты. Лариджанидің айтуынша, Иран аймақтағы мемлекеттерге қарсы әрекет етуді көздемейді. Алайда өңірдегі америкалық базалар Тегеранға қарсы пайдаланылатын болса, Иран тарапынан жауап шаралары қабылданатынын ескертті.





