жұма, 22 қараша, 2024 14:00

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Келер жылдан күтетін 5 үміт

Келер жылдан күтетін 5 үміт
ашық дереккөзі
Келер жылдан күтетін 5 үміт

Шартарапты коронавирус пандемиясымен шаршатқан 2020 жыл да аяқталып келеді. Биылғы індет халықаралық қоғамдастықтағы, жер-жаһандағы бірқатар мәселенің басын ашып беріп кетті. Мәселен, кейбір елдердің басшылары жеке басының мүддесін күйттеп, жаһандық мәселелерге қырын қарағаны есімізде. Көп ұзамай қайғы мен қасіретке толы жыл да аяқталмақ. Осы орайда алдағы жылдан не күтеміз? Өткеннен қандай сабақ алуымыз қажет? Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы осы сұрақтарға жауап беретін мақалалар топтамасын ұсынады.

НАТО-ның бұрынғы бас хатшысы лауазымын атқарған Хавьер Солана өз мақала­сын­да XXI ғасырдағы негізгі түйткілдерге тоқталады. Автор мыңжылдықтар түйіскен тұста әлемде келешекке деген ерекше құлшыныс туғанын, алайда іс жүзінде бәрі басқаша болғанына қынжылыс білдіреді. Осындай қателіктерді тізе отырып, Хавьер Солана өткеннен сабақ алудың маңызына екпін береді.

Сыртқы саясат жөніндегі Еуропалық кеңестің директоры Марк Леонард өзінің мақаласында 2021 жылдан үміт күтетінін және негізгі бес мәселені атап көрсетеді. Оның айтуынша, АҚШ президенттігіне Джо Байденнің сайлануы, коронавирусқа қарсы вакцинаның әзірленуі, климаттың жылынуына қатысты жаһандық үнқосу, билікке сенімнің оралуы мен ғаламдық жүйені қайта қарау сиыр жылының жақсылығы болмақ.

Айта кетерлігі, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

 
ЛОНДОН – Биыл бұған дейінгі сәтсіз әрекетіміздің сазайын тарттық. Коронавирус пандемиясы көктен түскен жай оғындай оқиға емес. Керісінше, ол – адамзаттың қолынан жасаған апат, өте нашар және қауіпті дағдыларымыз бен шектен шыққан әрекетіміздің салдары. Бәрін былай қойғанда, коро­на­вирустың жарқанаттардан адам­дарға жұғуы – жаппай ур­ба­низацияның, жан-жануар­лар­­дың өмір сүретін ортасын қи­ра­туымыздың «жемісі». Ал індеттің тез таралуы шектен шыққан индустриализация, тоқ­тау­сыз сауда және заманауи саяхат дағдыларына тіке­лей қа­тыс­ты. Сондай-ақ әлем елде­рінің тізе қосып, бірлесе әрекет ете оты­рып дағдарысты еңсе­ре алмауы да биліктің гипер-жаһан­дану­дан әлдеқайда кейін қалға­нын көрсетеді. Мұндай сәтсіздіктер пандемия басталмай тұрып-ақ белгі­лі еді. Көптеген елде халық ұлт­­шыл­дарды, популистік ұс­та­ным­­дағы басшыларды қол­дап, олардың бейберекет әлем­ге қа­тыс­ты шешімдерді уәде етке­ні­не сенді. Бірақ биыл өте қиын жыл болғанына қарамастан, 2021 жылдан мол үміт күттіретін 5 себеп бар. Біріншісі және ең бастысы – АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлауда жеңілуі. Таң­ертең оянғанда әлемдегі ең әле­уетті адам туиттердегі па­рақ­­­ша­­сында ұйықтап жатқа­ның­­да тағы не жазып қойды екен деп уайымдамаудың өзі бір ғанибет. Көп ұзамай АҚШ тізгіні сенімді қолға тиеді. Оған қоса президенттікке сай­лан­ған Джо Байденнің жеңісі Аме­ри­каның әрекетін болжауға мүм­кіндік жасап, әр шешіміне жауап­кер­ші­лікпен қарауына әсер етіп қана қоймай, әлемнің түкпір-түк­піріндегі демократияны өркен­де­ту­ге үлес қосады. Еуропаның өз Трамптары – Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан мен Польша премьер-министрінің орынбасары, де-факто басшысы Ярослав Качиньский Трамптың жеңілісінен кейін жетім қалғандай күй кешті. Еуропалықтарды келер жылы бірнеше саяси дода күтіп тұр. 2021 жылы Нидер­ланд пен Германияда, 2022 жылы Францияда сайлау өтеді. Осы бәсекелерде популистік партия­лар­дың тарих толқынына жармасуына мүмкіндігі аз. Ұлы­бри­­танияда майталман саяси флюгер, премьер-министр Борис Джонсон жаңа саяси желге іле­сіп, бағытын өзгертуге кірісті. Трам­птың жеңілісінен кейін ол ақы­рында «Брексит» бойынша популистік гуру атанған Доминик Куммингсті қызметінен босатты. Сөйтіп, Трамптан кейінгі әлемде жаңа бағыт ұстанатынын аңғартты. Келер жылдан күтетін тағы бір үміт – COVID-19 вакциналары қолдануға әзір. Екпе егу бірден бұрынғы қарапайым өмірімізге біртіндеп оралуға жағдай жасайды. Оған қоса вакциналарды әзірлеудегі әрекетіміз халықаралық ынтымақтастықты қол­дауға тағы бір себеп. Ең ал­ғаш­қы екпені әзірлеген BioNTech компаниясы екенін көргеннің өзі ерекше сәт. Өйткені компания­ны Еуропалық одақ қаржы­ландырады, негізін қалаған түбі түрік Германияның екі ғалымы. Кейінгі кезде жиі талқыланып жүрген «вакцина ұлтшылдығы» қаупін ескерсек, адамдардың өзімшілдік емес, халықаралық ынтымақ осы індет пен басқа да жаһандық дағдарыстардан шыға­тын жол екенін көргені маңызды. Алдағы жылдан күтетін үшін­ші үмітім – климаттың өзге­руіне қатысты серпіліс бар. Көптеген сарап­шы атап өткендей, кли­маттың өзгеруі коронавирус­тан да қиын дағдарысқа әкелуі мүм­кін. Биыл парникті газдың 7 пайызға азаюы, келешекте мұндай қадамға бара алаты­ны­мызды көрсетті. Билік өкіл­де­рі төтенше жағдайда бәрін жұм­сауға қабілетті екенін дәлел­де­ген­­діктен, алдағы уақытта олар таза энергияға қажетті техно­ло­гияларға инвестиция салуға мәж­бүр болады. Үміт күттіретін төртінші себеп – билікке сенімнің оралуы. COVID-19 індеті мемлекеттік басқарудың құндылығын қайта еске салып өтті. Сондай-ақ та­быс­ты бөлуге жаңа көзқарас қа­­лыптастырды. 2008 жылғы қар­­жылық дағдарыстан кейін көпшілік басымдыққа ие ортодоксты неолиберализм сахнадан кетіп, оның орнын әлеуметтік демократия басып, экономикаға саяси бақылау күшейеді деп күт­кен. Оның орнына, банктерге қаржы құйылып, «байларға социализм, кедейлерге капитализм» ұстанымының басқа да «озық» мысалдарына куә болдық. Он жылға созылған үнемдеу мен одан туындаған саяси төң­керістерден кейін билік ақыр аяғында қоғамдық әл-ауқат үшін үлкен жауапкершілік алды. Негізгі партиялар, соның ішінде АҚШ-тағы демократтар бар, жұ­мысшылар мен орта тапты қолдау саясатын алға тартып, көпшілікте «артта қалу» сезімін қалыптастыратын құрылым­дық тең­сіздік шешіледі деп үміт­те­не­­ді. Бұл соңғы үмітке жетелейді. Пандемия ғаламдық жүйені қай­та қарауға түрткі болды. Рет­тел­меген гипер-жаһандану орнында көптеген жетекші державалар арзан тауарларға, алдыңғы қатарлы технологияларға және ішкі істерге үлкен бақылау жасап, сауданың басқа да артық­шы­лықтарын қолданудың жолын іздеуге кірісті. АҚШ-тағы «бөліну», Қытайдағы «қос айналым» немесе Еуропадағы «стра­те­гиялық автономия» туралы әңгіме қозғалса да, ұзақ мерзімге созылатын саяси пікірталас бас­та­лып кетті. Мен үшін еуропалық пікір­талас өзекті көрінеді. Өйт­кені онда өзін құртатын әсіре ұлт­­шыл­дық­қа жол бермейтін тәсілдерді бақылауға ерекше көңіл бөлінген. Еуропалық одақтың егемендік жөніндегі ұстанымы бес бағытты қам­ты­ған (экономика, қаржылық мә­се­лелер, қоғамдық денсаулық, цифр­лану, климат саясаты және қауіпсіздік). Еуропалықтар осы­ның бәрінде зор табысқа жетті. Құны 750 миллион еуроны құрай­тын қалпына келтіру қорын құру Германия секілді елдердің ниеттестігін көрсету үшін өзіне қажет мол қаражатты қалтасынан санап берді. Әрине, қазір індетпен күресі­мізде жеңіске жеттік деп айтуға әлі ерте. Байден Респуб­ли­ка­шы­лардың қарсыласуы мен бір полярлы елді басқаруда қарсы­лық­қа тап келеді. Вакцинаны бүкіл әлемге жеткізу ауыр логис­ти­калық қиындық туғызады. Бақталас державалар қарашада Глазгода өтетін COP26 климат саммитінің күн тәртібін бұзуы мүмкін. Рецессия қаупі және қарыздық дағдарыс теңсіздікті күшейтіп, зиянды саясатқа қайта оралуды күшейтуі ықтимал. Еуропалық арманның қайта өр­ле­уі үлкен дау тудырған ұлт­тық сайлаудың нәтижесіне байла­нысты. Бірақ 2021 жыл жақындаған сайын кейінгі бірнеше айға қара­ған­да жағдай әлдеқайда түзелгені байқалады. Енді, Жаңа жылды тойлауымызға бес үлкен себеп бар.   Марк ЛЕОНАРД, Сыртқы саясат жөніндегі Еуропалық кеңестің директоры   Copyright: Project Syndicate, 2020. www.project-syndicate.org

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар