Манхэттендегі қарулы шабуыл: полицей мен үш бейбіт тұрғын көз жұмды
- авторБақытжан Бекболат
- 29 шілде, 2025
- 530
Қарулы ер адам Манхэттеннің іскерлік ауданындағы 345 Park Avenue мекенжайында орналасқан ғимаратта оқ жаудырған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл жерде АҚШ-тың Ұлттық футбол лигасы (NFL), халықаралық KPMG аудит компаниясы мен Blackstone инвестициялық алпауытының кеңселері орналасқан. Қайғылы оқиға 28 шілде күні күндіз болған. Шабуылдаушы – 27 жастағы Лас-Вегас тұрғыны – бірнеше күн бұрын Нью-Йоркке көлікпен келген және жалғыз әрекет еткен.
Қаза тапқандардың бірі — Нью-Йорк полициясының 36 жастағы офицері, ол үш жарым жыл бойы қызмет еткен. Қалған үш адам – азаматтық тұлғалар. Құқық қорғау органдарының айтуынша, күдіктінің қылмыстық өткенінде ауыр заңбұзушылықтар тіркелмеген. Оның мұндай әрекетке не үшін барғаны әзірге белгісіз.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, ғимарат ішінде дүрбелең басталып, адамдар айқайлап сыртқа қарай қашқан. Жарияланған бейнежазбаларда шабуылдаушының ғимаратқа винтовкамен кіріп бара жатқаны анық көрінеді. Оқиға орнын полиция мен ФБР агенттері дереу қоршауға алған.






