Трамп: "Иран әуе кеңістігі толық біздің бақылауда"
- авторБақытжан Бекболат
- 18 маусым, 2025
- 177

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның әуе кеңістігіне толықтай бақылау орнатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"Қазір Иран аспаны түгел біздің бақылауымызда. Иранда әуе кеңістігін бақылайтын жақсы жүйелер, қорғаныс құрылғылары көп болды, бірақ олардың ешқайсысы АҚШ-та жасалған технологиялармен салыстыруға келмейді. Біздің құрал-жабдықтарымызды ешкім жасап шығара алмайды – бұл тек Американың қолынан келеді", – деп жазды Трамп Truth Social платформасында.
Сондай-ақ, ол Ираннан толық және сөзсіз тізе бүгуін талап етті. Оның айтуынша, Иранның рухани көсемі қайда екенін нақты біледі, бірақ қазіргі сәтте оны жою жоспарда жоқ.
"Біз бейбіт тұрғындарға немесе америкалық сарбаздарға зымыран атылуын қаламаймыз. Сабырымыз таусылып келеді", – делінген оның мәлімдемесінде.
Ал АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс өз мәлімдемесінде Трамптың Иранға қатысты ұстанымын қолдап, президенттің қажет болса, Ирандағы уран байытуды тоқтату үшін қосымша шаралар қолдануға дайын екенін айтты.
Израиль тарапы, өз кезегінде, АҚШ-тан қорғаныс шеңберінен шықпауын сұраған. Бұл туралы Израильдің АҚШ-тағы елшісі Йехиэль Лейтер CNN арнасына берген сұхбатында айтты. Елші бұл пікірін Трамптың Иран аспанына бақылау орнату туралы мәлімдемесіне жауап ретінде білдірді.
"Мен нақты фактілерді айтқым келеді. Біз АҚШ-тан тек қорғаныс шеңберінде әрекет етуін сұрадық. Қазіргі таңда Америка Құрама Штаттарының ұсынған қорғаныс жүйелері үшін алғысымыз шексіз", – деді Израильдің АҚШ-тағы елшісі Йехиэль Лейтер.
Ол сондай-ақ, THAAD секілді зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері Иранның соңғы күндері тұрғындар тұратын елді мекендерге баллистикалық зымыран атқылауынан жүздеген, тіпті мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға сеп болды деп атап өтті.
BBC-дің жазуынша, АҚШ Израильге ұзақ жылдан бері әскери көмек пен техника беріп келеді. Дегенмен, 13 маусым жұма күні басталған шиеленістен бері ресми Вашингтон Израильдің Иранға жасаған соққыларына қатыспайтынын мәлімдеп келеді.
Ал кеше ғана Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ABC News телеарнасына берген сұхбатында Иранның жоғарғы көсемі Хаменеиға қарсы арнайы операция жүргізу мүмкіндігін жоққа шығармады.