АҚШ президенті Дональд Трамп 2009 жылы қабылданған, парниктік газдардың адам денсаулығына зиянды деп танитын құжаттың күшін жойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz DW.com-ға сілтеме жасап.
Бұл шешім автокөлік өнеркәсібіне қойылған экологиялық талаптарды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Трамп аталған құжат Барак Обама әкімшілігі тұсында қабылданғанын еске салып, сол кезеңдегі климатты қорғау саясатын бірнеше рет сынға алған болатын. Оның айтуынша, қатаң экологиялық нормалар америкалық автокөлік өндірісіне салмақ салып, өнім бағасының қымбаттауына әсер еткен.
Күші жойылған ережелерге сәйкес, АҚШ-тағы көмір және газбен жұмыс істейтін электр станцияларына қатаң стандарттар енгізіліп, автокөліктердің пайдаланылған газ шығарындыларына шектеулер қойылған еді. Енді бұл талаптардың қайта қаралуы энергетика және өндіріс саласындағы компаниялардың жұмысын жеңілдетуі мүмкін.
АҚШ Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің басшысы Ли Зелдин жаңа өзгерістер нәтижесінде америкалық салық төлеушілер шамамен 1,3 триллион доллар үнемдей алатынын мәлімдеді. Алайда бұл есептің нақты қалай жүргізілгені туралы толық ақпарат берілмеді.
Ал бұрынғы президент Барак Обама бұл шешімге келіспейтінін ашық айтты. Оның пікірінше, экологиялық талаптардың әлсіреуі климаттың өзгеруімен күресті әлсіретіп, ұзақ мерзімді салдарға әкелуі мүмкін. Обама аталған қадамды пайдалы қазба өндірісінің мүддесіне жасалған шешім ретінде бағалады.
Сонымен қатар халықаралық экологиялық ұйым Greenpeace те Ақ үйдің бұл бастамасын қатаң сынға алып, қоршаған ортаны қорғау мәселесінде кері шегініс жасалып отырғанын мәлімдеді.






