Трамп Украинаға Patriot жүйелері жеткізілетіндігін мәлімдеді
- авторБақытжан Бекболат
- 14 шілде, 2025
- 536
Axios басылымының мәліметінше, Трамп Киевке Patriot зениттік-зымыран кешендерін жеткізетінін мәлімдеген. Тек сонымен шектелмей – ол Украинаны қаруландырудың «агрессивті» жоспарын да жарияламақ, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Axios өзінің сенімді дереккөздеріне сілтеме жасап, АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Украинаға қару жеткізу жоспарын таныстыратынын хабарлады. Жоспарға шабуыл жасауға арналған қару түрлері де кіреді. Екі дереккөздің айтуынша, Украинаға Ресейдің ішкі аймақтарына, тіпті Мәскеуге дейін жететін алыс қашықтықтағы зымырандарды беру көзделіп отыр. Алайда түпкілікті шешімнің қабылданғаны әлі нақты емес.
Басылым сонымен қатар республикашыл сенатор Линдси Грэмнің сөзіне де назар аударады. Оның айтуынша, «Путин Трампты ашуландырған».
Трамптың айтуынша, Украинаға берілетін америкалық қарудың ақысын Еуропадағы одақтастар төлейді. Сол сызбамен Украинаға жаңа Patriot жүйелері жеткізіледі. Комплекстердің нақты саны айтылған жоқ. DPA агенттігінің хабарлауынша, Трамп журналистерге берген сұхбатында: «Бұл – біз үшін бизнес. Біз оларға (украиндерге) өте қажет Patriot жүйелерін жібереміз», – деген. Бірақ бұл жүйелерді қай елдердің сатып алатынын ашып айтқан жоқ.
Ал Германия канцлері Фридрих Мерц 10 шілде күні Римде өткен Украинаны қалпына келтіру жөніндегі конференцияда Германияның АҚШ-тан Patriot сатып алып, оны Украинаға беруді жоспарлап отырғанын растады.






