Қырғызстанда жұмыс күші тапшы: Ташиев мигранттарды елге оралуға шақырды
- авторБақытжан Бекболат
- 12 тамыз, 2025
- 448
Кактус Медиа таратқан ақпаратқа сүйенсек, Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев еңбек мигранттарына үндеу жасап, елге оралатын уақыт келгенін мәлімдеген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның айтуынша, елде инфрақұрылымдық нысандарды салуға жұмыс күші тапшы.
«Азаматтарымыз табыс табу үшін шетелге кетеді, өзге елде мигрант болады. Олар елге оралуы керек. Мигранттар құрылысқа қатысып, арнайы техниканы басқара алады және халыққа қызмет ете алады. Жұмыс өте көп, ал жұмысшы жетіспейді», – деді ол 11 тамызда Нарын қаласында арнайы техниканы тапсыру рәсімінде.
Ташиевтің дерегінше, тек Нарын облысының өзінде биыл 127 нысан салынып жатыр. Оларға 15 млрд сом (шамамен 92,6 млрд теңге) бөлінген. Сондай-ақ ол құрылыс көлемінің бұрын-соңды болмаған деңгейде артуына байланысты материал мен шикізат тапшылығы барын атап өтті.
Чиновник шекараны Өзбекстан және Тәжікстанмен делимитациялау жұмыстары аяқталған соң, билік ішкі мәселелерді шешуге кіріскенін айтты.
«Енді біз шын мәнінде егемен мемлекет болдық. Әрбір метрін бекіттік», – деді ол.






