Әзербайжан президенті Ильхам Алиевтің тапсырмасымен елдің Ирандағы дипломатиялық қызметкерлері эвакуацияланады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл туралы Әзербайжанның сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов мәлімдеді. Оның айтуынша, Тебриздегі консулдық қызметкерлерін де, елшілікте жұмыс істейтін дипломаттарды да елге қайтару жұмыстары қазір жүріп жатыр.
Молдованың сыртқы істер министрімен өткен бірлескен баспасөз мәслихатында Байрамов көрші елдегі әскери әрекеттерге байланысты Әзербайжан армиясы қауіпсіздікті күшейту үшін қосымша шаралар қабылдап жатқанын айтты.
5 наурыз күні Иранның ұшқышсыз ұшақтары Нахичевань өңіріне шабуыл жасағаннан кейін Әзербайжан президенті Ираннан ресми кешірім сұрап, болған оқиғаға түсініктеме беруді талап етті. Төрт дрон Нахичевань әуежайы мен Шакерабад ауылындағы мектепке соққы жасаған. Соның салдарынан екі адам жарақат алды.





