1 қыркүйек – білім күніне орай Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназияда «Daryn.Online» білім беру платформасы арқылы тәрбие сағаты өтті. Сабаққа облыс әкімінің орынбасары Талған Мамаев арнайы қатысып, бүлдіршіндердің өнерін тамашалады.
Аталған білім ордасының 1 «А» сыныбыны жетекшісі Нұргүл Құрманова өткізген тәрбие сағаты «Достық – біздің тірегіміз» деп аталды. Онлайн сабақты мектептің барлық оқушылары «Facebook» және «Instagram» желілер арқылы тікелей эфир арқылы көруге мүмкіндік алды.
Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршіндер тәрбие сағатына белсене қатысып, білім туралы өлең шумақтарын жарыса оқыды. Сынып жетекшісі Нұргүл Еркінқызының әр сөзін ұйып тыңдай білген олар «Дос» дегенді қалай ұғынатындарын да жеткізуге тырысты. Сол секілді «Отан» деген сөзді қалай түсінетіндерін білдірді.
ҚР Конституциясының 25 жылдығымен байланыстырылған тәрбие сағатында түрлі көрнекіліктер арқылы еліміздегі түрлі ұлт ұлыс өкілдері туралы түрлі мәліметтер берілді. Сондай-ақ сынып жетекшісі ұлы ойшыл, шығыстың Аристотелі атанған Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына кеңінен тоқталып өтті.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев оқушыларды білім күнімен құттықтап, бүлдіршіндердің өнеріне сүйсініп отырғанын жеткізді.
– Биылғы жаңа оқу жылы әлемдік пандемияға байланысты ерекше басталып отыр. Сіздерді және ұстаздарыңыздың денсаулығын сақтау мақсатында қашықтан білім беру жүйесіне көшіп отырмыз. Осыған орай сізддер мен ата-аналарыңыздан түсіністік танытуларыңызды сұранамын, – деген Талғат Шәриұлы оқушыларды отансүйгіштікке шақырып, сапалы білім алу жолында сәттілік тіледі.
Жалпы, өңірдегі айтулы білім ордаларының бірі саналатын Төле би атындағы №8 гимназияда бүгінде 2316 оқушы білім алады. Ал биылғы жаңа оқу жылында 216 оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр екен.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз