жұма, 22 қараша, 2024 3:47

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Онлайн оқу оқушыларға не берді?

Онлайн оқу оқушыларға не берді?
ашық дереккөзі
Онлайн оқу оқушыларға не берді?

Өткен оқу жылының соңғы тоқсанынан бастап мектептердің қашықтан білім беру жүйесіне көшуіне байланысты оқушылардың бос уақыты көбейе түскені белгілі. Әрине қазір кез келген білім ошағында оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануына барлық жағдай жасалған. Ал төрт қабырғаға қамалып, онлайн режимде білім алып жатқан жас өрендеріміз бос уақыттарын бас пайдасына жарата алып жатыр ма?

Бүгінгі мақаламызда осы сұрақтың жауабын іздеп, облысымыздың әр аймағындағы оқушылармен тілдесіп, айтар ойына құлақ түрдік. Әңгімелесу барысында жастарымыздың алтын уақытты мәнсіз-мағынасыз істерге емес, өздерінің шығармашылық және әлеуметтік тұрғыда қабілеттерін дамытуға жұмсап жатқанын естіп, қуандық. Мәселен Т.Рысқұлов ауданының Жарлысу ауылындағы А.Шынасилов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Азамат Амантай оқудан бос уақытын шығармашылығын дамытуға жұмсайды екен. Бүгінде А.Амантай достарымен бірге «Mektep álemi» деп аталатын мектепішілік танымдық журналды жаңаша бағытта шығаруға, тиражын көбейтуге ден қойған. – Елімізде төтенше жағдай жарияланғанда бәріміздің онлайн оқуға үйренісе алмағанымыз рас. Алайда, қашықтан оқу жүйесіне де тез үйреніп кеттік. Керісінше онлайн оқу маған ерекше шабыт берді. «Mektep álemi» журналымыздың одан әрі дамуына бос уақытымды жұмсадым. Түрлі идеяларды түйістіріп, іздендім. Сол арқылы жаңа форматта, жаңа үлгіде журналымыз жарық көре бастады. Жалпы журналымызды осыдан үш жыл бұрын, яғни 2017 жылдың желтоқсан айында, Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына орайластырып шығардық. Атауын мектеп әкімшілігімен ақылдаса отырып «Mektep álemi» деп қоюды жөн көрдік. Оны жарыққа шығару кезінде білім ордамыздың тыныс-тіршілігін, оқушылардың, мұғалімдердің жетістіктерін және мектептегі тағылымы мол іс-шараларды жариялап отыруды мақсат еттік. Қазіргі уақытта таралым санын да көбейтіп, сапасын да жақсартып, нәтижелі жұмыс атқарып келеміз. Журналдың жарық көруіне демеушілік танытып, қолдау көрсетуде мектебіміздің директоры Дархан Кеңесұлы ешқашан аянып қалған емес. Редакциялық алқаның жұмыс істеуіне кедергі келтірмес үшін шығармашыл топқа арнайы кабинет берді. Көмек сұрап алдына барғанда бетімізді қайтарған кезі болған емес. Меніңше қазір жастар уақытын босқа өткізіп, құр жүрмейді. Мәселен ауылымыздың жалынды жастары карантин кезінде түрлі пайдалы жұмыстармен айналысуды дағдыға айналдырды. Кейбірі жаңадан күнтізбе құрып, таңертеңгілік жаттығу жасауды әдет қылса, енді бірі кітап оқып, өз білімін жетілдіріп, тіл меңгеріп және өзге де игілікті істермен айналысты. Цифрлық технологиялар қаншалықты қарыштап дамыса да дәстүрлі мерзімді баспасөздің танымдық, тәрбиелік қызметін ешқандай ақпарат құралы алмастыра алмайды. Сондықтан тәуелсіздігімізге, Мәңгілік Елімізге қызмет ететін жас ұрпақ алғыр, белсенді, жаңалыққа жаны құмар, шығармашыл болып өсуі үшін әр мектептің өз газеті, өз журналы болғаны жөн, – дейді «Mektep álemi» мектепішілік танымдық журналының бас редакторы Азамат Қанатұлы. Ал аталмыш ауданның Луговой ауылындағы №34 орта мектептің 10-сынып оқушысы Нүркен Қарасай бос уақытын спортпен шұғылдануға жұмсайтынын айтады. – Бала күнімнен күреспен айналысқанды ұнатамын. Сондықтан онлайн оқу кезінде көп уақытымды спорттық жаттығуға арнадым. Ерте тұрып, таңғы таза ауада жүгіріп, жаттығып, кешке дейін үйде әкеме көмектесемін. Кешке тағы жүгіріп келемін. Ағайымыз Жанболат Көшен де біздің жаттығуымызға ерекше көңіл бөлді. Күреспен шұғылданатын 5 баланы ертіп, Меркі ауданының таулы аймағына барып, оқу-жаттығу жиынын өткізді. Бір апта бойы сонда болып, таңнан кешке дейін шынықтық, – дейді болашақ чемпион. Ал Байзақ ауданының Құмжота ауылының оқушы қыздары тігіншілікті үйреніп жүр. – Анам мен әжем үнемі құрақ құрап, көрпеше тігіп, тігін машинасымен іс тіккенде қызыға қарайтынмын. Сол қызығушылықпен онлайн оқу басталғалы ауылымыздағы тігіншілікпен тегін үйрететін Айнұр апайдың курсына қатысып жүрмін. Ол жерден сәнді сөмке, әмиян тігуді үйрендім. Сабақты онлайн режимде оқығанмен білімнен қол үзіп қалған жоқпын. Мұғалім берген тапсырма бойынша да, өз бетімше де ізденіп, білімімді жетілдіріп жүрмін. Ал тігіншілікке іс жүзінде араласқандықтан, қабілетімді шыңдап, кәсіптік тұрғыда да үйреніп жатырмын, – дейді Құмжота ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Кәусар Серік. Сыныптас құрбысымен бірге ісмерлік курсқа қатысып жүрген Әнел Бердібек болашақта тігінші-дизайнер болғысы келгенін айтады. – Үйде әжем жиі тігін тігеді. Қасында отырып, қалған қиынды маталарын құрастырып, өзімді қызықтырған бұйымдарды жасап алатынмын. Енді тігіншілік курсына қатысқалы тігістің де неше түрі болатынын, бір бұйым жасау үшін алдымен оны өз қиялыңмен сәндеп алып, соған қарай матасын өлшеммен қию керегін үйрендім. Мысалы, мен қазір сан түрлі клатчтар, конфет-жастықтар тігуді меңгердім. Өз бетімше қиялымдағы түрлі киім үлгілерін қағаз бетіне сызып, соны қуыршақтарыма лайықтап тігіп те алатын болдым. Бізге осындай кәсіпті үйретіп жүрген ұстазымыз Айнұр Қаржаубайқызына үлкен алғыс айтамын, – дейді жас ісмер. Құмжота ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 4-сынып оқушылары Іңкәр Бауыржанқызы, Жәнел Бердібек және Бурыл ауылынан келіп, тігіншілікті үйреніп жүрген 7-сынып оқушысы Толғанай Шәрден, 3-сыныпта оқитын Нұрай Медерова, Аружан Сейталиева да бос уақытты жаңа ілім үйренуге арнаған талантты жасөспірімдер. Байқағанымыздай, балалар бос уақытты бекерге өткізбей, өздерін жан-жақты дамытуға жұмсап жүр. Ізгі мұратқа талпынған өрендердің өнеріне тәнті болып, өрге жүзулерін тіледік.

  Қамар Қарасаева
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар