бейсенбі, 9 қаңтар, 2025 23:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жұмысшы мамандықтарының жылы: Жамбыл облысында 120-дан аса іс-шара өтеді

Жұмысшы мамандықтарының жылы: Жамбыл облысында 120-дан аса іс-шара өтеді
Сурет: Ақәділ Рысмахан
Сондай-ақ өңірде «Жаңа мамандықтардың атласы» жобасы іске қосылды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары жүзеге асыру барысы талқыланды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады Jambylinfo.kz.   

Аймақ басшысы Президент жүктеген міндеттерді сапалы орындау, «Жұмысшы мамандықтары жылының» түпкі мақсатына айрықша басымдық беру, іс-шаралар тек есеп үшін емес, нақты нәтижеге негізделу керектігін баса айтты.

Жиында баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловтың айтуынша, басқарма тарапынан жоспарға 50-ге жуық іс-шара енгізілгенін атап өтті. Барлық мақсат-міндет жұмысшы мамандықтарын дамытуға, жас түлектердің жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге бағытталып отыр. Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында колледж студенттері үшін 2 жатақхананың (жалпы 240 орындық) құрылысын жүргізу, 6 салалық хаб, 2 жаңа мамандық, «автомобиль құрастыру» мамандығы бойынша шетелдік білім беру ұйымының филиалын ашу, сондай-ақ «1С» сертификаттау орталығын құру көзделген.

Сондай-ақ өңірде «Жаңа мамандықтардың атласы» жобасы іске қосылды. Бұл бастама өнеркәсіп, тау-кен, ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм салаларында пайда болатын жаңа, сұранысқа ие кәсіптер мен мамандықтарды жүйелеуге және талдауға мүмкіндік береді. Биыл колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында №10 Шу және Қаратау құрылыс-техникалық колледжін күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама жасалған.

2024-2025 оқу жылы 70 мамандық бойынша 7 486 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Оның ішінде 455 студент кәсіпорындарға қажет мамандық бойынша оқуға қабылданды. Осы ретте колледждер мен жұмыс беруші кәсіпорындар арасында 109 келісімшарт жасалғанын айта кету керек. Сонымен бірге 13 жұмыс берушінің есебінен 26 студент білім алуда.

Ербол Қарашөкеев еңбек ардагерлерін өскелең ұрпаққа үлге ету, ауылдық елді мекендерден келген студенттерді жатақханамен қамту маңызды міндет екенін алға тартты.

Сонымен бірге облыс әкімі білікті маман жетіспеушілігі бар салаларды кадрлармен қамтамасыз ету үшін барлық деңгейдегі кәсіпорындардың қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесін кең көлемде ұйымдастыруды, «Жаңа мамандықтар атласы» жобасын сапалы іске асыруды міндеттеді. Дуальды оқытудың ауқымын кеңейтіп, студенттердің кәсіби дайындығын ірі өндіріс ошақтарында жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуді жүктеді.

Аппараттық кеңесте Отбасының цифрлық картасы деректерін өзектендіру барысы қаралып, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің баяндамасы тыңдалды.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар