Қазақстандық оқушылар халықаралық биология олимпиадасында жеңімпаз атанды
- авторБақытжан Бекболат
- 19 мамыр, 2025
- 248

Қазақстандық оқушылар Сочидегі «Сириус» білім беру орталығында өткен Ашық халықаралық биология олимпиадасында (OIBO) үлкен жетістікке жетті. 10–17 мамыр аралығында ұйымдастырылған сайыста еліміздің оқушылары екі алтын, төрт күміс медаль жеңіп алып, алғаш рет командалық жобалық турда үздік атанды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Олимпиадаға әлемнің 14 елінен жас биологтар қатысқан. Атап айтқанда, Ресей, Беларусь, Абхазия, Армения, Джибути, Қырғызстан, Куба, Мьянма, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Филиппин және Оңтүстік Осетия мемлекеттерінің өкілдері бақ сынасты.
Қатысушылар үш түрлі кезеңде — теориялық, практикалық және командалық жобалық турлар бойынша білімдерін ортаға салды. Қазақстан атынан бұл додаға республикалық олимпиаданың жеңімпаздары жолдама алған:
Батыр Ержанұлы (11-сынып, Назарбаев Зияткерлік мектебі, Шығыс Қазақстан облысы);
Ерсұлтан Қайркен (10-сынып, «Білім-инновация» лицей-интернаты, Павлодар облысы);
Әлихан Әширханов (8-сынып, «Білім-инновация» лицей-интернаты, Алматы қаласы);
Дмитрий Титков (10-сынып, №3 дарынды балаларға арналған гимназия, Павлодар облысы);
Әлімұхаммед Саматұлы (9-сынып, «Білім-инновация» лицей-интернаты, Павлодар облысы);
Егор Менгулов (10-сынып, №8 орта мектеп, Көкшетау қаласы, Ақмола облысы).
Команданы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Айгүл Қарқұлова бастап барды.
Олимпиадаға дейін еліміздің үміткерлері «Сириус» орталығында арнайы он күндік оқу-жаттығу жиынын өткізген. Бұл дайындық нәтижесінде оқушылар теория мен практиканы ұштастырып, биология ғылымының күрделі тұстарында жоғары нәтиже көрсете алды.
Қазақстандық оқушылардың бұл жетістігі – ел білімінің әлеуетін және жас буынның ғылымға деген қызығушылығын айқындайтын маңызды көрсеткіш.
Ұқсас жаңалықтар
Ғылым және жоғары білім министрлігі талапкерлерге үндеу жасады
- авторБақытжан Бекболат
- 9 маусым, 2025